Жерді саудаға салған шенеуніктердің қолына кісен салынды
Автор: Жолымбет Мәкішев
03.12.2013
Әр тұтқындаудың соңы үлкен ереуілге ұласатын Қырғызстанда бір топ атқамінерлердің қолына тағы кісен салынды. Бұл жолы Бішкектің мэрі Иса Өмірқұлов пен қала сәулетіне жауапты бірнеше шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр.
Бас прокуратура жоғары лауазымды шенеуніктерді жеңіс саябағының аумағын 14 гектарға қысқартып парктің ішінде заңсыз құрылыс жүргізуге жол берді деп айыптауда. Мэрден басқасының барлығы темір торға тоғытылған. Иса Өмірқұловтың өзін тергеу кезінде қызметінен шеттету мәселесі әлі шешілмепті. Ал ел президенті Алмазбек Атамбаев бүгін тіпті қатты кетті. Ол жемқорлықпен күресте ешкімнің бет-жүзіне қарамаймын деп отыр. Тіпті барлық туысы мен достары теріс айналып кетсе де. Президенттің осы сөзі келеңсіз жәйттің көрігін қыздырып жібергендей. Өйткені Атамбаев пен Өмірқұлов 20 жылдан бері бір партияда қызметтес болып ең жақын үзеңгілестердің санатында болған еді.
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті:
- Біз бұл індетпен аяусыз күресеміз. Өйткені жемқорлық елімізді жікке бөліп ірітіп-шірітіп барады. 4 жылдай уақытым қалды. Бұл қоғамдық кеселмен күресуге толық жетеді. Қазірдің өзінде ұрлық жасаудан жұрт қорқа бастады, алда уақытта қолын тіпті тартып ұстайтындай болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!