«Барыс» көш бастады
Автор: Елдос Сапарғали
06.12.2013
«Барыс» көш бастады. Шайбалы хоккейден Құрлықтық лиганың тұрақты чемпионатының кезекті турында Нижникамстың “Нефтехимигін” ұтқан Ари Пекка Селин шәкірттері шығыс конференциясында бірінші орынға шықты.
Тартысқа толы бәсекеде астаналықтар жалғаз шайба соқты. Алғашқы кезеңнің соңына қарай қорғаушылармен бірге қақпашыны да қапы қалдырған Константин Романов. Қалған уақытта айдын иелері бірнеше өткір шабуыл ұйымдастарған. Бірақ “Барыс” қақпашысы Ари Ахонен екінші матч қатарынан өз қақпасына бірде-бір шайба жібермеді. 34 кездесуде 70 ұпай жинаған “Барыс” ертең Уфада “Салават Юлаевпен” кездеседі.
Еліміздің құралайды көзге атқан мергендері ҚР президентінің кубогын сарапқа салуда. Дәстүрлі додаға жыл қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен мықтылар жиналыпты. Олардың арасында талай жарыстың дәмін татқан тәжірибелі шеберлер мен қатар болашағынан үміт күттіретін жастар да бар.
Бұл турнирдың басты ерекшелігі - үш жаттығу бойынша еліміздің абсолютті жеңімпаздарын анықтау болып табылады. Әйелдер 2-ші маркалы пневматикалық тапанша мен 11-ші пневматикалық мылтықтан, ал ерлер өз кезегінде аталған қарулардың 3-ші және 12-ші маркалы түрлерінен сынға түседі. Алғашқы іріктеулерден сүрінбеген сегіз мерген суперфиналға жолдама алады. Не керек осы жаттығуларда топ жарғандар Қазақстанның аболютті яғни құралайды көзге атқан мергені деген құрметті атаққа ие болады. Қалыптасқан дәстүр бойынша олардың есімдері салмағы елу келі тартатын арнайы кубокқа алтын әріппен жазылады. Турнир жеңімпаздарын алдағы демалыс күндері білетін боламыз.
Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 22 жылдық мерекесіне орай бокстан Қазақтың спорт және туризм академиясының ашық біріншілігі басталды. Жыл сайын өткізілетін турнирде жүзге тарта студент боксшылар бақ сынасуда.
Ашық біріншілікте күш сынасуға ниет білдіргендер арасында спорт шеберлері де аз емес. Атап кетсек Нұрсұлтан Бибосынов, Бауыржан Бекмырзаев, Абай Мұхамедәли және Ержан Қошаев ірі жарыстарда бой көрсетіп жүрген боксшылар. Бүгінгі жекпе-жектердің бірінде Республикалық спорт колледжінің студенті Мақсұт Зарқамов академия түлегі Нұрсұлтан Қанағатовты айқын ұтты. Шыққан бойда қарсыласын ауыр соққылардың астына алған Мақсұттың екпінін байқаған төрешіге кездесуді тоқтатпасқа амал қалмады. Алматыдағы бокс жарысы мұнымен аяқталмайды. Ертең Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Меңгерей Хайрутдиновты еске алуға арналған халықаралық жарыс жалауын көтереді. Бұл сынға еліміздің жастар құрама командасы қатысады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!