Ауру мал сатып алып шығынға батқан шаруалардың қорасы енді Ақш-тан әкелінген сиырлармен толығуда
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
06.12.2013
Аузы күйген үрлеп ішеді. Былтыр Австриядан ауру сиырлар сатып алып, қыруар шығынға батқан солтүстік қазақстандық шаруа қожалықтарының қоралары тағы да асыл тұқымды малға толыққалы отыр. Олардың алғашқы легі қазірдің өзінде Америкадан жеткізіле бастаған. Өткен жолы шаруаларды шаш-етектен шығынға батырған «Қазагроқаржы» жаңа партияның да алғашқы жарнасын өздері төлеп беріпті. Ал ауру малды Қазақстанға сатқан Австрия жағы елімізге әлі бір тиын төлемеген.
Былтыр түсірілген мына кадрларда «Шмалленберг» дертіне шалдықты деген күдікпен Австриядан әкелінен сиырлар төлімен бірге өртеліп жатыр. «Қазагроқаржы» сол жолы 480 миллион теңгеге шығынданған болатын. Ауру малға қора-қопсы салып, дайындық жасаған қос шаруа қожалығы биыл тағы да 230 асыл тұқымды мал сатып алуға өтініш беріпті. Бұл жолы әрқайсысы 4 мың доллар тұратын сиырлар Америкадан әкелінуде. Алғашқы жарнасы 24 миллион теңгені «Қазагроқаржы» өтеп беріпті. Шаруашылыққа олар әлі 40 миллион теңге қарыз екен.
Яков Леонов, шаруа қожалығының басшысы:
- 24 млн теңгені табу әрине біз үшін қиындық туғызар еді. Сондықтан мемлекет жағдайымызды түсініп, мәселемізді «Казгрофинанс» арқылы шешіп берді. Қалған шығынымызды қалай және қашан өтейтіні белгісіз.
Былтырғы жыл «Полтавское» шаруа қожалығы үшін де берекесіз болды. Қазір бәрі Австриямен арадағы соттың нәтижесін күтіп отыр. Олар «Шмалленберг» қоздырғышы мал ауруына жатпайды деп қарсыласып жатқан көрінеді. Ал 20 күн теңізбен, 10 күн бойы автокөлікпен жол жүріп келген американың сиырлары қазір карантинде жатыр.
Мырзабай Ыбыраев, Аққайың ауданының ветеринарлық-санитарлық испекторы:
- Бұл келген мал вакцинаға егіліп келген малдар, бірнеше ауруға. Қағаздары келгеннен кейін оны бөлеміз. Вирусный диарея, деген сиякты сондай нелерге вакцинация істелсе, онда тексермейміз.
Мамандар мұхит асып келген «Галштинафриз деген мүйізді малдың теріскейді қалай жерсінетінін бір жылдай бақыламақ. Егер Австрия сиырларындай түйткіл туындамаса алдағы жылдары Солтүстік Қазақстанға шетелден тағы 600 бас ірі қара әкелмек ойда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!