Ақтүтек боран ел бюджетін шығынға ұшыратты. Қираған ғимараттарды қалпына келтіруге жүздеген млн теңге қажет
Автор: Саят Сабдалы
06.12.2013
Ақтүтек бораннан жұрт әлі ес жия алмай жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен еліміздің бірнеше аймағы айтарлықтай зардап шеккен. Электр желілері үзілгендіктен халық май шамға қарап қалды. Шалғай ауылдардың облыс орталығымен қатынасы қиындаған. Көліктері бұзылып жолда қалғандар көп. Құдай сақтап зардап шеккендер жоқ. Қазір өңірлерде қираған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Мәселен, Павлодарда басқаны былай қойғанда жөндеуден жаңа өткен тұрғын үйдің шатырын бүгін жұрт жерден жинап жатыр. Сонымен қатар сымдар үзіліп 30-ға тарта елді-мекен қараңғыда қалған. Ауылдарды қуат көзіне жылдам қосуға мамандардың шамасы жетпей жатыр. Қарағанды облысында да дүлейдің кесірінен май шамға қарап қалғандар көп. Облыста отыздан астам нысанның шатыры жұлынып ағаштар мен бағаналар құлаған. Кейбір жерде тіпті, мешіт пен мектепке зақым келіпті. Қазір шамалары жеткендер өз күштерімен қарекет қылуда. Ақтүтек бораннан әсіресе Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар,Алматы облыстары айтарлықтай зардап шеккен. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, қираған мектеп, балабақша, ауруханаларды қалпына келтіру бюджет есебінен жүргізіледі. Ал сақтандырылған нысандар қазына ақшасынан дәмете алмайды. Оларға шығынды сақтандыру компаниялары өтеп беруі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!