Тек шенді-шекпенділер жерленетін қорым салынбақ
Автор: Жәудір Оразхан
09.12.2013
Саяси элитаға арналған зират! Астанда тек шенді-шекпенділер жерленетін қорым салынбақ. Ерекше мазарда әзірге жалғыз саясаткердің сүйегі жатыр. Ал, оны кеңінен пайдалану үшін атқамінерлер тіпті байқау жариялап отыр. Сәулетшілер Елорда маңындағы бос жерді қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалардың беделіне сай белгі орнатып, безендіруі тиіс.
Қазақ элитасыныңқорымна айналатын аумақ осы. Қабанбай батыр кесенесінің маңынан ұлттық пантеон салу шенділердің ойына осыдан 10 жыл бұрын келіпті.
-Қазір бұл жер негізінен қу дала. Бос жатыр. Бірақ, болашақта ұлттық қорым бой көтеруі тиіс. Ал, зиратқа тек мемлекет қайраткерлері мен танымал тұлғалар жерленбек.
Әзірге мұнда Мәжілістің бұрынғы спикері Орал Мұхамеджановтың ғана денесі жатыр. Енді бұл жерде биіктігі 3 жарым метрлік қоршау тұрғызылады. Ағаш отырғызып, аллея салу, мал сойылатын арнай орын, тіпті қонақ үйдің құрылысы да қарастырылған. Яғни, қорымға туристер тоқтап, көпшілік аялдай алады. Ал, құны миллиондарға бағаланатын ерекше жобаны жеңіп алу үшін қазір отандық және шетелдік сәулетшілер сынға түсуде.
Сергей Хорошун, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
-Әлемде ұлттық пантеондар өте көп. Мәселен, Лондон, Прага, Париж, Мәскеуде осындай қорымдар бар. Қазақстанда да болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін және туристерге арналған зират болу керек. Біз ұлттық қорымның орнын анықтап қойдық.
Бір қызығы, ұлттық пантеонда қарапайым мәйітке орын жоқ және жер сатылмайды екен. Әйтпесе қоғам қайраткерлеріне арналған қорым Алматыда да бар. Мұнда Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы, Болатхан Тайжан сынды қазақтың дара ұлдарының сүйегі жатыр. Алайда, қалталылар бұл зираттан мыңдаған долларға жер сатып алып, жақындарын жерлей алады. Ал, Астанадағы ұлттық пантеонда қабір саудасына жол берілмейді екен.
Камал Әбдірахман, Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы:
- Мемлекеттік пантеон болған соң ол біріншіден сатылмайды. Екіншіден, жаңа айттық қой заң қабылданады да қандай адамдардың қойылатыны нақтылы шешіледі. Белгілі бір стандарт болу керек. Ол стандарт мөлшермен, ұзындығы 4, ені 3 метрден аспайтын шығар.
Саяси элитаға салынатын зираттан депутаттар да хабардар. Алайда, кейбірі қабір жайлы сөз қозғағысы келмейді.
Жұматай Әлиев, Мәжіліс депутаты:
-Бұл деген өте қиын сұрақ, бауырым, жаным...
Жамбыл Ахметбеков, Мәжіліс депутаты:
-Егер халық, қоғам, мемлекет қоғам қайраткері ретінде болашақ ұрпаққа үлгілі болады десе, онда жаңағыдай пантеондарға апарып қоюға болады.
Алайда, дін өкілдері биік қорғанды қорымның өлілерге еш шапағаты тимейтінін айтады. Және белгілі азаматтар жерленген мұндай мазарға жұрт жаппай табынып кете ме,- деп алаңдайды.
Нұрболат Дүйсебаев, Алматы қаласы орталық мешіттің наиб-имамы:
-Аспанмен теңестіріп, ғимараттармен теңестіріп мазарды көтеру тыйым салынады. Ол өлі адамға келіп, кетер пайдасы жоқ. Ол адамға сол адамның атынан қажылыққа барып қайтуға немесе мұқтаж адамға беруге болады.
Бірақ тау тұлғаларға қорымның құрылысы көктемде басталуы мүмкін. Аумағы 500 гектарға жуық жер жобамен 150 жылға жетеді дейді мамандар. Зиялылар зиратының тағы бір ерекшелігі мұнда мұсылмадармен қатар өзге діннен шыққан қоғам қайраткерлері де жерленбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!