Аслан Сәрінжіпов министр болып тағайындалған соң ғана баласын мемлекеттік бақшаға алған
Автор: Ербол Сейілхан
09.12.2013
Білім саласындағы реформаларды тоқтату керек. Бүгін Мәжіліске есеп беруге келген еліміздің бас мұғалімін депутаттар осылай деп қыспаққа алды. Себебі бөлінген миллиардтар ұрланып жатыр, ал қолға алынған істер құрдымға кетуде. Мектептен бастап жоғарғы оқу орындарындағы білім беру сапасы сын көтермейді. Ал министр басынан дау арылмаған саладағы олқылықтарды жоюға уәде етті. Бірақ сырғытпа жауапқа халық қалаулылары сене қоймады. Сөйтіп онсызда жемқорлықпен аты шыққан ведомстваның жұмысын аяусыз сынға алды.
Бүгін Мәжіліске білім министрлігі тұтас көшіп келгендей.Олимпиада да алған медальдарын озық деп танылған ғылыми жұмыстарын мақтанышпен паш етті. Ал министр Аслан Сәрінжіповтың төменгі палатаның жалпы отырысына бұл алғаш келуі. Бұрынғы әріптесінен қалған былыққа байланысты тағы қыспаққа алынатынын іші сезе ме, әйтеуір қобалжып тұр. Онысы бекер емес екен. Әшкерелейтін деректермен қаруланып келген депутаттар бірден шабуылға көшті.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
- Білім саласына тыныштық беріңіздер. Сан түрлі реформа жүрегімізді айнытып болды. Алдымен оқулықты түзегендерің дұрыс. Кітаптар өте күрделі жазылған. Мысалы, есептен оқушыларға 4 курстың математика факультетінде оқитын студенттердің тапсырмалары беріледі. Сабақтан тыс берілетін пәндердің саны 17-ге жетті. Ұл-қыздың миын шірітіп жатырмыз.
Ал бала оқытуы тиіс мұғалімдер қағазбастылыққа шырмалған. Одан қалды тексерістен көз аша алмай отыр. Бір қызығы білім ордаларын ардагерлер кеңесіне дейін тексереді екен. Олар басқасы оңбай тұрғанда патриоттық тәрбие қалай беріліп жатыр деп тыным бермейтін болыпты. Басқа да кемшіліктерді халық қалаулылары жіпке тізіп берді.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
-Біріншіден мұғалімнің жалақысының төмендігі.Екіншіден ауылдық мектептердің техникалық базасының нашарлығы.Компьютер ескі, интернетке қосылмаған. Сіздер беріп жатқан жабдық істемейді.
Мектепті айтпағанда, жоғары білім беру де оңып тұрған жоқ. Балғындарды балабақшаға орналастыруда әлі қиямет-қайым. Бұл түйткіл еліміздің бас мұғаліміне жақсы таныс. Өйткені Астанадан кішкентай қызына бақшадан әзер орын тапқанын айтып бүгін көпшілікті таңғалдырды.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Қызымды үш жарым жасқа келгенше дейін бақшаға орналастыра алмадым. Министр болып тағайындалғаным сол еді, мәселе оңай шешіле салды. Қызметімнің көмектескені осы.
Сын- cадағына ілінсе де Сәрінжіпов сөзден сүрінбеді. Алайда, депутаттардың оған берген бағасы әртүрлі.
-Төртке жетпеген сияқты,
-Орташа
Ал үш сағат бойы сұрақтың астында қалған еліміздің бас мұғалімі алғашқы емтиханды сәтті тапсырғанына сенімді.
Аслан Сәрінжіпов, Білім және ғылым министрі:
Өзіме 4+ қоямын. Осындай бағаға тапсырдым. Бола ма?
-Осылай деген Аслан Сәрінжіпов асығыс шығып кетті. Әйтеуір бір қуантқаны мектептерде қазақ тілі пәнінің сағаттары қайта артпақ. Сондай-ақ, биылдан бастап бірыңғай ұлттық тестілеуді онлайн режимде, яғни ғаламтор арқылы тапсыру тәжірбие ретінде енгізілмекші. Бірақ депуттардың жүрегін қанша айнытса да, реформалардың жалғаса беретіндігін білім министрі қадап айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары