Екі жігіт зират басында асылып қалды
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
09.12.2013
Ақмола облысында қайғылы оқиға! 18 жастағы екі жігіт Степногордағы туыстары жатқан зират басына барып асылып қалған. Марқұмдардың қалтасында тек құжаттары болыпты. Бір белгілісі екеуі те жетім, патронатты отбасыда тәрбиеленген. Екі апта бұрын үйлерінен қашып кеткен екен. Сол кезде өз-өздеріне қол салса керек. Өйткені талға асылып тұрған мәйіттер мұз болып қатып қалыпты.
Мына сұмдықты алғаш көрген азамат өзін осы христиан моласының директорымын деп таныстырды. Екі жеткіншек зәулім ағаштың бұтағында қатар асылып қалған. Ілінген ала жіпті өздерімен ала келген тәрізді. Қорымының шет жағында тұрғандықтан олар күзетшінің көзіне шалынбаған.
Игорь Матюшенко, зират шырақшысы:
- Алғашқыда алыстан қарағанда, маникен бе, оны кім іліп қойды деп ойлап қалдым. Жақындап барып қарасам, екі жас бала. Сондағы шошығанымды көрсеңіз, сұмдық қой. Қатар ілініп тұр. Зәрем кетіп, полицияға қоңырау шалдым. Бұл ешкім келе бермейтін ескі қорым.
Ешкім келе қоймайтын моланың түкпіріне қос жеткіншектің бірі Артур Гельмнің әкесі мен атасы жерленіпті. Балалардың бірінің ұлты неміс, екіншісі қазақ. Екеуі балалар үйінде жастайынан бірге өсіпті. Соңғы жылдары бір отбасының потранаттық тәрбиесінде болған. Астраханка селосындағы лицейде оқитын екеуі жақында ол жақтан қашып кетіпті. Степногор қаласына келіп осындай жағдайға душар болған жеткіншектерді көрші ауданнан лицей директорының орынбасары мен потранаттық ата анасы іздеп келді.
- Сұхбат бермеймін, ештеңе айтпаймын.
Ал полицейлер балалардың өздеріне қол жұмсағанына шамамен 10 күндей уақыт өткенін айтуда.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-Мәйіттің денесінде бәлендей соққы іздері жоқ. Тек мойындарында жіп қиған жара ғана бар. Қазір олардың денесі сот медициналық сараптамаға жіберілді.
Қос жетімнің 250 шақырымдағы моланы алыстан іздеп келіп неге осы жерде өздеріне қол жұмсағаны белгісіз. Мәйіттер қатып қалғандықтан мамандар қазір сараптама жасауға да бел шешіп кірісе алмай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары