Қатерлі дертке шалдыққан науқас дәрісіз қалды
Автор: Олжас Сайлаубек
10.12.2013
Қағазбастылық кесірі қант диабетімен ауыратын науқасты дәрісіз қалдырды. Инсулинге тәуелді семейлік тұрғынды ақ халаттылар белгісіз себеппен Астанадағы емханаға тіркеп жіберген. Енді препаратты да сол жақтан алуы тиіс екен. Тағы бір қызығы, құжатта ол 3333 жылдың тіркеуінде тұр. Небары 3-4 күндік дәрісі қалған әйел енді не істерін білмей отыр.
Өмірі осы кішігірім шприцке байланған Кристина қазір тығырыққа тірелген. Күнделікті қабылдап жүрген инсулині жуық арада таусылғалы тұр. Оны дер кезінде екпесе, адам есін жоғалтып, тіпті мерт болуы да мүмкін.
Кристина Маюрова, Семей қаласының тұрғыны:
-Дәрімді алуға барғанымда ондағылар маған қызмет көрсетуден бас тартты. Менің осында емес, Астанада қаласында тіркелгенімді айтты. Басыма жай түскендей болды!»
Бір қызығы, Кристина Маюрова Астанада 3 333 жылға тіркеліпті. Бұл қай мазағы деген келіншек, қанша шамданса да, ауадай қажетті дәрісін сол күйі ала алмаған.
Кристина Маюрова, Семей қаласының тұрғыны :
-Құжат бойынша мен Астанаға 3 333 жылдың 31-ші желтоқсанында тіркеліппін. Мұны көрген таныстарым енді келесі мыңжылдыққа дейін өмір сүресің деп қылжақтайтын болды. Қалжың қалжыңымен әрине, бірақ дәрігерлерге менің өмірім ойыншық болғаны ма?!».
Жергілікті ауруханадағылар болса, алаңдауға еш негіз жоқ деп жайбарақат отыр. Айтуларынша, науқастарды тіркеу жүйесі біраздан бері ақау беріп, істен шыққан. Қалай болса да, Кристинаны қажетті дәрісіз қалдырмаймыз деп ант су ішті.
Нина Федина, аурухана директоры:
-Оған Астанаға барып та қажеті жоқ. Біз оны жеке куәлігі арқылы қайта тіркейміз. Ал оған дейін науқас инсулинсіз қалмайды».
-Өмірі қыл үстінде тұрған Кристина Маюрова жергілікті денсаулық сақтау бөлімі мен прокуратураға шағымданған. Бірақ әзірге жағдайдың өзгергенін байқамай отыр. Науқастарды тіркеуге арналған электронды жүйенің қашан қалыпқа келетінін ешкім де дөп басып айта алар емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!