Қайрат Нұртастың концертінен кейін бүлік шығарғандар кінәсін мойындаған жоқ
Автор: АрунаОртай
10.12.2013
Аяқталмай қалған әннің әлегі! Алматыда әнші Қайрат Нұртастың концертінен кейінгі жаппай тәртіпсіздікке қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Айыпталушы орындығында 3 жігіт. Барлығы қарақшылық, тонау және бұзақылық сияқты ауыр баптармен айыпталуда. Бірақ ешқайсыны кінәларын мойындап отырған жоқ.
23 жастағы Шымкент тұрғыны сот алдында барынша ақталуда. Бірақ, сот болмас бұрын ол тергеушілерге «Прайм плазада» қарақшылық жасағанын мойындаған екен. Енді бәрін теріске шығарып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген бұл үшеуге көшедегі көлікті талқандап, 4 ұялы телефон, 1 бейнекамера ұрлады деген айып тағылған.
Жандос Салимов, күдікті:
- Тонамадық. Ол күні қызбен болғанмын мен. Концерт көруге барған жоқпыз. Ол жерге жеткен жоқпыз. Момышұлы көшесінен салып алып кетті.
Сот алдында жауап беріп жатқан бұл жігіттер бүгін тергеу барысында айтқан жауаптарынан айну себебін полицейлердің қысымымен байланыстырды. Айтуларынша, 4 ай бойы таяқ жеген.
- Балғамен ұрды, ине тықты.
-Кім ұрды?
-Ботаев Сұңқар.
-Тергеуші ма?
Ия, 6 жабылып ұрып ақыры мойындатты.
Зүлфия Салимованың сол түні екі бірдей баласы ұсталыпты. Бірі-кәмелетке толмаған. Ұлдарының қамалғанын ана үш күннен кейін ғана естіген. Ауылдағы 8 бірдей баласын тастап бүгін екеуінің сотына келіпті.
Зүлфия Салимова, Жандос Салимовтың анасы:
- Жіберсін баламды. Беретін ақшасы жоқ кедейлердің балаларын қамап отыр. Балам үйді кепілге қойып пәленбай мың доллар ақша беру керек дейді. Үйімнің өзі құлағалы тұр. Кепілге қойғанның өзінде шиеттей бала-шағамен қайда барам?
-Сол түні көрерменнің ашуын шақырған мына бір бойжеткеннің дауысы. Ол көпшілік тынышталмайынша, Қайрат ән шырқамайды деп бұйырып тұр. Бірақ, бұйрықтың соңы былыққа ұласты. Жаппай тәртіпсіздіктер бойынша сот процесі аяқталған жоқ. Өйткені, кәмелетке толмаған әлі 4 бала Қайрат Нұртастың концертіне барғаны үшін сот алдында жауапқа тартылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!