Бақыттан басы айналған өнер жұлдыздары президент протоколын бұзды
Автор: Ербол Сейілхан
13.12.2013
Өнер жұлдыздары президент протоколын бұзды. Бүгін Ақордада Елбасы Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің өркендеуіне үлес қосқан бір топ ғылым, медицина және мәдениет саласының үздіктеріне наградалар мен мемлекеттік сыйлықты өз қолымен табыс етті. Салтанатты жиында бақыттан басы айналған кейбір әртістер Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірудің ерекше үлгісін көрсетті.
Фототілшілердің қызығушылығын тудырған наградалар өз иелерін күтіп тұр. Мына қымбат гүлдер де солай. Көптің шыдамын тауысқысы келмеген Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Олжас Сүлейменовтың мерейін өсірді. Енді ол ақын-жазушы дипломат ғана емес, тұңғыш президент атындағы "Бейбітшілік және прогресс" сыйлығының иегері.
Олжас Сүлейменов, ҚР Франциядағы елшілігінің кеңесші-уәкілі:
-Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Маған көрсеткен құрметіңізге көп рахмет. Көп жасаңыз. Еліміз аман болсын.
Рахметін сөзбен шектеген жоқ, Елбасыны бауырына қысты. Осыдан соң ғылым мен медицина және техника саласында жемісті тер төккендердің еңбегі еленді. Бұл жолы мәртебесі жоғары мемлекеттік сыйлық 15 ғалымға беріліп отыр. Оларға орденнен бөлек 1 млн теңгеден таратылды.
Ал 15 жан Ақордадан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері » атағын алып шықты. Арасында әнші, ақын, балет әртістеріне дейін бар. Бірақ бүгін кейбір өнер жұлдыздарының бақыттан басы айналғаны соншалық президент протоколын бұзып тынды. Бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың кеудесіне еркелеп басын қойса, екіншісі қолын ұзақ қысып қалуға тырысты. Үшіншісі тіпті Елбасының бетінен сүйіп үлгерді. Мұндай күтпеген қылықтарды мемлекет басшысы елеген жоқ. Ал еліне еңбегі сіңген қайраткер атағына 29 жасында-ақ ие болған Нұрлан Әлімжанов өзін салмақты ұстады. Бейнесін жақсы сомдағаны үшін актерды Нұрсұлтан Назарбаев көптің көзінше мақтап, марапатын да өз қолымен табыс етті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Ұқсай ма маған?
Өз саласында айтарлықтай жетістікке жеткен 30 азаматтың қуанышында шек жоқ. Ақордада мәртебелерінің өскеніне дән риза.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Барлығы баршаларыңызға құтты болсын. Денсаулықтарыңыз мықты боп еңбектеріңіз табысты болсын. Тәуелсіз еліміздің өркендеп өсуіне қызмет ете беріңіздер.
Іс шараның соңында жиналғандар суретке түсті. Қуанышты сәт үшін бокал да көтерілді. Ал дәл осындай наградалар 16 желтоқсанға дейін еліміз бойынша мың жарымнан аса үздік қызметкерге табыс етілмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!