Жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
Автор: Руслан Әбдіхалық
13.12.2013
Жамбыл облысының тәртіп сақшылары жұмбақ жағдайда жоғалған жергілікті тұрғынды іздестіруде. 41 жастағы Әли Қабазовты соңғы рет өзінің көршісі шаруа қожалығына ілестіріп әкеткен. Содан бері үшті-күйлі жоқ. Із-түзсіз кеткен кісінің жақындары, оны кәсіпкердің қойшысы жазатайым жазым қылып, мәйітін жасырған деп күдіктенуде. Өйткені шопан мен Әли бір күркеде түнеген екен. Ал, ертесіне Тараздан келген мейманды жатын орнынан таппай жер сипап қалыпты.
Көз жасын көл қылған қаршадай қыз әкесін бір жарым айдан бері көрмеген. Не өлі, не тірісін білмейді. Қазанның 26 күні қойшысы екеуі көрші қожалыққа кеткен Әли Қабазов содан қайтып оралмаған. Енді жоғалған жігіттің жақындары оны үйден алып кеткен көршісі Сәкен Әбітаевты айыптауда.
-Сен, балаң, үшеуің кеттіңіз. Енді қайда біздің бала?.
-Енді білмеймін ғой
- Қалай сен білмейсің. Бір жарым ай болды. Әйелі, әкпесі жылап жатыр. Баласы жылап жатыр.
Сәкеннің айтуынша, Әли сол күні қойшысы екеуі арақ ішіпті. Қос шөлмекті қылдай бөлген соң, күркеде бірге түнеп шыққан. Ал, ертесіне бас киімі мен бәтіңкесін тастап өзі ызым-қайым кеткен.
Сәкен Әбітаев, Шаруақожалық жетекшісі:
-Проблема маған да керек емес. Бірге бардық, көршіммен өзімнің ешқандай ұрыс, керісіміз жоқ. Малы бар менде қосып қойған. Соны алуға барған. Азанда тұрсақ жоқ, таппай жатырмыз. Түнде ішкен.
-Жұмбақ жағдайда жоғалған кісі қайда кетуі мүмкін. Бұл сұрақ туыстарын қатты мазалауда. Өз аяғымен күркеден шығып кетуі екі талай дейді. Өйткені ақыл-есі дұрыс адам, жауынды күні бас киімсіз, оның үстіне аяқ киімін тастап жалаң аяқ жолға шығуы мүмкін емес деп отыр. Жақындары оны қойшы жазатайым жазым қылды ма деп күдіктенеді.
Тамара Қабазова, Ә. Қабазовтың апасы:
-Оны өлтірді біреуі. Ұрысты сөзге келіп, басынан бір жерінен ұрған. Мен солай ойлаймын. Абайсызда болады ғой.. Сөйтіп апарып көміп тастады.
Қойшының бұрын сотталғаны да ағайын-туыстың күдігін күшейткен. Тек тәртіп сақшылары оған еш себеп жоқ деп отыр.
Берік Маханбетов, Талас аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
-Оны күдікті деп әзірге айта алмаймын. Әзірге оған ешқандай дәлел жоқ, күдікті деп ұстағанға. Осыған дейін қойшы бұрын есірткі затын пайдалану бойынша түрмеге отырған, қазір таңда жазасын өтеп шыққан.
Шаруашылық аумағы мен жақын ауылдарды тәртіп сақшылары мен төтенше қызмет өкілдері түгел тінтіп шыққан. Бірақ әзірге нәтиже бермей отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!