Ұшақ апатынан қаза тапқандарды еске алды
Автор: Бек Әбиев
20.12.2013
Шымкентте бүгін әуе апатынан қаза тапқан шекарашыларды еске алды. Әскерилердің туыстары мен қаруластары қала маңында құран бағыштап, ескерткішке гүл қойды. Соңынан, әуе апаты болған жерде шекарашыларға арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Естеріңізге салсақ, тура бір жыл бұрын Шымкент маңында Шекара қызметінің басшылары отырған ұшақ апатқа ұшырап, 27 адам қаза тапқан болатын.
2012 жылы Елордадан Шымкентке сағат 18:55 те ұшып шыққан әскери ұшақ қаладан 20 шақырым жерде апатқа ұшырады. Сол ақтық рейіспен ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Оңтүстіктік" өңірлік басқарма басшылығымен офицерлік құрамы ұшқан болатын. Алайда, шаһарға санаулы шақырым қалғанда әуедегі 26 арысымыз аяқ астынан ажал құшты.
АН-72 ұшағында болған шекарашылардың туыстары марқұмдардың есімі жазылған тақтайшаларға күн сайын гүл шоқтарын әкеледі. Соңғы демі біткенше осы салада 6 жыл қызмет еткен бортмеханик Ринат Мысаевтың туыстары солардың бірі. 27 жасында мерт болған азаматтың артында 2 жасар ұлымен, 5-тен енді асқан қызы қалыпты.
Гүлнар Мысаева, марқұм Ринат Мысаевтың анасы:
-Қайтіп айтам, қызы күндіз-түні сұрайды папам неғып келмейді, командировкасы не деген ұзақ, мама барып әкелейікші папаны, телефонды алып жүгіреді мамасына кешке. Мама звондашы папама, неге келмей қойды деп. Қайтіп айтам мен жоқ деп папасын.
Апат орнында ашылған ескерткіштің тұрғызылуына оңтүстік кәсіпкерлері демеушілік көрсетіп, құрылыс жағын шекарашылар өз мойнына алған. Болашақта бұл жер шекарашылар саябағы атануы мүмкін.
Әбусағит Төлегенов, ҰҚК "Оңтүстік" өңірлік басқарма бастығының орынбасары:
-Бәрінде танимын. Бәрімен де жастай қызметті бірге бастағанбыз. Орталық аппаратта әріптес болдық.
Жиылғандар бақилық болғандардың рухына құран бағыштап, дұға етті. 27 шекарашы туралы естеліктер айтысты. Оқыс оқиғадан Шекара қызметінің атқарушы директоры, полковник Тұрғанбек Стамбеков әйелімен бірге опат болған еді.
Алмас Стамбеков, Т.Стамбековтың ұлы:
-Білген жоқпын да қасында мамамның болғанын, анам болғанын білген емеспін. Тек кейін ғана білдім. Мүмкін енді мама-папаммен бірге денсаулығын, кейінгі кездерде денсаулығы нашарлап кеткен. Сол себептен мүмкін, қасында болғысы келген шығар.
Жұлдыздай ағып өткен арыстардың есімі ел есінде қалды. Артында қалған жақындарына да материалдық көмек көрсетуден мемлекет тыс қалмапты. Ендігі қалғаны мұндай трагедияның болмауын тілеп, ел шебін күзеткен марқұмдарға тағзым ету ғана.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!