Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Рахат Әлиев болып шықты
Автор: Жәудір Оразхан
20.12.2013
Бүгін Бас прокуратура белгілі саясаткердің қазасына қатысты жаңа айғақтар жариялады. Әлиевтің бұйырығын орындағанын осы қылмысты басты ұйымдастырушы Рүстем Ибрагимов егжей-тегжей баяндап беріпті. Енді Сәрсенбайұлының өліміне қатысты қайта іс қозғамақ. Тапсырыс берді деп 20 жылға сотталған Сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаевтың үкімі де қайта қаралатын болды.
Рүстем Ибрагимов АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының қызметкерлеріне Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екенін осыдан 7 жыл бұрын мойындаған екен. Бірақ, отбасының қауіпсіздігіне алаңдаған ол бұл туралы қазақстандық құқық қорғаушыларға жақ ашпайтынын айтып, реми жариялаудан бас тартыпты. Түрмеде жүріп ұзақ ойланған Ибрагимов тек былтыр ғана бар шындықты жазып, еліміздің Жоғары сотына арызданған.
Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
-Жаңа тергеу барысында анықталғандай, Ержан Өтембаев расында да Ибрагимовке жеке басының араздығы үшін «Алтынбек Сәрсенбайұлын көгала етіп сабап кел» деп жұмсаған. Бұл жөнінде Рахат Әлиев те хабардар болады. Ол Әлнұр Мұсаевпен бірлесе ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, Ибрагимовке Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді де қоса тапсырған.
Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты атышулы сотқа 2006 жылы нүкте қойылған еді. Саясаткердің өліміне 10 адам айыпты деп танылып, тапсырыс берген Сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев 20 жылға, ал қылмысты ұйымдастырушы ретінде Рүстем Ибрагимов өмір бойы бас бостандығынан айырылған-ды. Енді Жоғарғы сот Өтембаевқа қатысты үкімді қайта қарамақ. Қалғандарының жазасы күшінде қалады. Алғашқы тергеуге араласқан АҚШ-тың өкілдері Бас прокуратураның өтініші бойынша жаңа айғақтарды дәлелдеуге де тартылыпты.
Джон Ордвей, АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі:
-Бұл іске қатысты барлық құжаттар АҚШ-тың Федералдық тергеу агенттерінің қолында бар. Біз жаңа айғақтармен танысып шықтық және куәгерлерді жеке тергеуімізге мүмкіндік болды. Америкалық тергеушілер жасаған қорытынды Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметтерімен сәйкес келіп отыр.
Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандық 2006-шы жылдың ақпанында жасалған болатын
-Енді саясаткердің өліміне басты күдікті ретінде Рахат Әлиев қаралмақ. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, отанын сатты, төңкеріс ұйымдастырмақ болды деп 40 жылға сырттай сотталған Әлиев қазір Еуропа елдерінде бой тасалап жүр. Оның басты сыбайласы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев та халықаралық іздеуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!