Ауыл шаруашылығы вице-министрі қамауға алынды
Автор: Гүлнұр Имандос
23.12.2013
Астанада тағы бір лауазымды шенеунік аса ірі көлемде парамен қолға түсті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өміраев тендерге көмектесуге уәде етіп кәсіпкерден 100 мың доллар алған. Яғни қомақты қаржыға ветеринариялық препараттар сатып алуға рұқсат алып бермек болған. Бір қызығы ветеренария Өміраевтің құзыретінде емес және конкурстық комиссияға да кірмеген екен.
Шатылып жатқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі жақында «егін түсімі мол болды» деп Үкіметте баяндама жасаған еді. Сол кезде Мүслім Өміраев соңғы рет биік мінберде есеп беріп жатқанын білмесе керек. Енді мемлекеттік қызметке оралуы да екіталай. Себебі шенеуніктің қолына кісен салған қаржы полициясы оған 15 млн теңге көлемінде пара алды деп ауыр айып тағып отыр.
Мұрат Жұманбай, ҚР Қаржы полициясының ресми өкілі:
-Мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңіске жетуге көмектескені үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Өміраевты ұстады. Осы күні оған қатысты аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша қылымстық іс қозғалды.
Мүслім Өміраев бұл қаржыға әлдебір кәсіпкерге ветеринариялық препараттарды сатып алу тендерінде көмек бермек болған. Бір қызығы, шенеуніктің бұл тендерге қатысы жоқ екен. Өйткені ветеринария саласына басқа вице-министр Гүлмира Исаева жауапты. Өміраевтің не себепті әріптесінің атқаратын жұмысына араласып жүргені түсініксіз.
Сәкен Қалқаманов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
-Өміраев егін және ғылым саласына жауапты болды. Ол қазір жұмыста емес. Қаржы полициясы есігіне мөр басып, жауып тастады. Бұл туралы министр де біледі. Қазір қаржы полициясы мен прокуратурадан қосымша ақпарат күтіп отырмыз.
Қаржы полициясы шенеунікті ғана емес, ортадағы делдалды да қолға түсірген.Арада ақша тасумен айналысқан Өміраевтің балдызы болып шықты. Ол да қаражаяу емес екен. Алматыда бірнеше пәтері, шотында ондаған млн доллары бары анықталып отыр. Айта өтейік, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың қазір бір ғана орынбасары қалды. Жақында ғана бұл ғимараттағы қызметімен қош айтысқандардың бірі - Марат Толыбаев, өз еркімен вице-министрлік жұмысын тастап кеткен еді.
-Жемқорлықпен аты шыққан Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі кезекті былық ведомстваға абырой әпермейтіні анық. Ал орынбасары тұтқындалған министр Асылжан Мамытбековтың өзі әзірше үнсіз. Қарамағындағы қызметкерінің әрекеті үшін бар жауапкершілікті мойынына алып отставкаға кете ма жоқ па бұл жағы беймәлім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!