Өңеші бітеліп туылған нәрестелерге ота тегін жасалып жатыр
Автор: Альбина Асхатқызы
24.12.2013
Алматы облысында бірінші рет отандық дәрігерлердің күшімен өңеші бітеліп туылған шақалақтарға операция жасалды. Мамандар жаңа туған баланы бұрынғыдай пышаққа салып жатпай, отаны тіліксіз істейтін әдісті игерген. Нәтижесі де тамаша. Бастысы ем-домның бұл түрі тегін. Науқас сәби тек квота кезегіне қойылса жеткілікті.
- Салмақ қостық. 4 жарым болды.
- Жақсы! Жөтел, сырыл?
- Кішкене бар, бірақ құсып жатқан жоқ.
Жұмагүл Лебаева жуырда төртінші сәбиін сүйіп отыр. Жолдасыма екінші ұлын сыйлағым келді деп, жүктілігін арнайы жоспарлапты. Алайда, шақалағының өңеші бітеу туғанын естігенде бар қуанышы су сепкендей басылған. Өйткені аты жаман диагноздан сәбилердің дені тамақтана алмай, ауа да жетіспей, бақилық болып жатады. Бір Алматының өзінде соңғы 10 жылда 20-дан аса сәбиден осындай ауру анықталып, біреуі аман қалған екен.
Жұмагүл Лебаева, науқастың анасы:
- Дәрігерлердің, медицинаның дамығанының арқасында баламызбен екінші рет қауышып отырмыз. Үлкен алғысымызды айтамыз. Бақыттымыз қазір
Енді қырқынан жаңа шыққалы отырған Арланның денсаулығы қалыпты. Өкпесіне жалғаннан өңеші ажыратылып, тамақтануды бастаған. Аздап салмақ та қосып келеді деп анасы дән риза. Ал туылғанынан кейін бірден операция жасалынған бүлдіршіннің денесінен жарақат іздері де байқалмайды.
Бұл ақ халаттылардың монитор арқылы, денені тілмей тесіктеп өздігімен істеп отырған алғашқы операциялары екен. Бастысы тегін. Тек тұрғылықты мекен-жай бойынша емханаға тіркеліп, квота кезегіне тұрсаңыз жеткілікті.
Арман Тойбеков, «Алматы аймақтық балалар ауруханасы» МКҚК дәрігері:
- Бұрын кесіп жасайтынбыз өкпе қуысын, қазір өкпе қуысы кесілмейді. Тесік арқылы, оргәдісі дейді. Сол арқылы ота жасалады. Бұл отаның тиімділігі бала бір аптадан кейін үйіне шығуы да мүмкін.
Осылайша жаңа технологияны жетік меңгеріп, тиімділігін асырып отырған дәрігерлер бұдан өзге тағы 7 түрлі ота жасай біледі. 15 жасқа дейін кез-келген бүлдіршінді бастан-аяқ қараймыз деп отыр. Енді бұл жолғы бірегей тәжірибелерін, ішек пен қуық ауруларында да жүзеге асырып көрмек ниетте. Мұндай күрделі әрі тегін ем-домның Алматы іргесіндегі Өтеген батыр кентіның жаңа ауруханасында жасалып жатқанын айта кетейік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!