Бергей Рысқалиевке қатысты соттың алғашқы тыңдалымы басталды
Автор: Жанар Низамутдинова
24.12.2013
Бүгін Атырауда облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты соттың алғашқы тыңдалымы басталды. Процесс басты айыпталушының өзінсіз, сырттай өтіп жатыр. Өйткені қылмыстық топ құрып, мемлекеттің миллиардтарын қымқырды деп айыпталған экс-әкім мен оның туған інісі халықаралық іздеуде жүр. Бүгінге дейін көрдім-білдім деген жан жоқ. Ал 777 томнан тұратын іске қатысты қазір тек 22 адамнан жауап алынуда. Дегенмен бүгін сот залына олардың барлығы бірдей келген жоқ.
Күзеті күшейтілген сот ғимаратына бүгін Бергей Рысқалиевтің командасындағы белгілі тұлғалар: оның бұрынғы орынбасарлары, қазір үйқамақта отырған Болат Дәукенов пен Асқар Әбдіров және құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Ибрагим Әміров жеткізіліпті. Тағы бір басты айыпталушылардың бірі Атырау қаласының экс-әкімі Асқар Керімов төбе көрсеткен жоқ. Қазір ол тергеу изоляторында отыр. Ал соттың алғашқы тыңдалымына келген бұрынғы шенеункітердің неге екені белгісіз, көңілдері көтеріңкі шықты.
Болат Дәукенов, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары:
- Сәлеметсіздер ме, қазір ешқандай сұхбат бере алмаймын. Соттан кейін ғана айтармын.
Ал сұхбатқа келіскен адвокаттары қуанатын нәрсе айтып отырған жоқ. Атырау облысы судьяларының әділ шешім шығаратынына күмән келтірді ме, сот ісі басқа аймақта өтуі керек деп отыр.
Тагир Сисимбаев, адвокат:
- Сотқа сенбейміз деп тыңдалым алдында арыз жазғанбыз, бірнеше адвоткат бірігіп. Оның мүлдем қаралмағанын бүгін естіп отырмын. Құжаттарымызды реттейміз деген жауап айтқандай болды. Қайдағы реттеу, барлығы тайға таңба басылғандай жазылып тұрған жоқ па?!
Соттың алдында болатын бұл процесс бір күнмен бітпейтін түрі бар. Себебі, 777 томнан тұратын істе айыпталушылар мен олардың адвокаттарының, куәгерлердің, қаржы полициясы мен прокуратура қызметкерлерінің жазбаша пікірлері, сондай-ақ, әртүрлі сараптамалардың нәтижелері тіркелген. Ал онымен танысу үшін сотқа бір апта емес, бірнеше ай қажет болатын тәрізді. Тіпті қылмыстық істің қосымша зерттеуге жіберілуі де әбден мүмкін. Сондықтан, атышулы сот процесінің бір айдың ішінде бастала қоюы екіталай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!