Жемқорлық дауы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қаржы полициясының арасындағы ақпараттық текетіреске ұласты
Автор: Гүлнұр Имандосова
24.12.2013
Бүгін дүйім елді шулатқан жанжалға министр Асылжан Мамытбековтың өзі араласып, орынбасарының 100 мың доллар пара алғаны сотта әделденсе, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді. Ол өзімен 2 жылға жуық бірге жұмыс істеген Мүслім Өміраевты сүттен ақ, судан таза деп отыр. Тіпті бұл істі әлдекімдер қасақана ұйымдыстырған деген күдігі бар.
Ауыл шаруашылығы министрін бүгін тілшілер қыспаққа алды. Мамытбеков үшін орынбасарының тұтқындалуы төбесінен жай түсіргендей әсер етіпті. Тіпті әлі өз-өзіне келе алмай жүр. Бірақ министр жауапкершіліктен қашпайтынын айтып отыр. Бұл істің қасақана ұйымдастырылуы мүмкін деген күдігі де бар. Ал бағыныштысының былығы сотта дәлелденсе, ертеңіне қызметтен кетуге даяр.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шарушалығы министрі:
- Мен Өміраевті адал және парасатты адам ретінде танимын. Сондықтан бұл үлкен қателік деп ойлаймын. Кінәлі деп біздің елімізде Конституцияға сәйкес соттың үкімімен ғана анықталады. Егер ондай үкім шығатын болса, Өміраевтің коррупциялық қылмыс жасағаны расталса, онда мен отставкаға беруге дайынмын.
Шатылып жатқан орынбасары туралы министр ғана емес, әріптесі Гүлмира Исаева да жақсы пікірде. Мұндай сипаттаулардың қазір көмектеспейтіні анық. Ал қаржы полициясы бұл вице-министрді де 5 сағат бойы тергеп, сұрақтың астына алған.
Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Қазір ғана қаржы полициясынан шықтым. Сіздерге айтайын: Ведомстводағы жұмыстың бәрі вице-министрлерге бөлініп берілген. Ветеринарияға мен жауап берем. Ал, оған қажетті препараттарды сатып алуға тендерді арнайы комиссия ұйымдастырады. Олардың өз төрағасы бар. Вице-министрлердің бірде-бірі конкурсқа араласуына құқы жоқ.
Әзірше, тергеушілер Мүсілім Өміраевқа қатысты нақты айғақтарын жариялаған жоқ. Алайда шенеунік бүгін сот санкциясымен қамауға алынған. Тендерге көмектесуге уәде етіп кәсіпкерден 100 мың доллар пара алды деп айыпталып отырған Мүслім Өміраевтың ісінде балдызының да қатысы бар. Делдалдықпен вице-министрдің осы туысы айналысқан екен.Мамытбеков бұл ретте де пікірін айтты. Туыстар арасында ақша жүре береді деген министр, Өміраевтың мұны пара деп есептемегеніне сенімді.
Осылайша қаржы полициясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің арасындағы ақпараттық теке-тірес күшейе түсті. Тергеушілер қазір министрліктің шенділерін жаппай жауапқа алып жатыр. Тіпті еліміздің бас агрономы Асылжан Мамытбековтың өзінен түсінік алынуы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!