“Қайрат” футбол клубы алдағы маусымға қызу дайындалуда
Автор: Төлеген Жұмабек
25.12.2013
Континентальдық хоккей лигасы қаңтар айында жоспарланған «Жұлдыздар матчына» қатысатын хоккейшілер тізімін жария етті. Қос конференция арасындағы дәстүрлі матчтың ортасынан қазақтың қара баласы Талғат Жайлауовты көретін боламыз.
Талғат Жайлауовты жыл сайын «Жұлдыздар матчына» шақырту алған хоккейшілер тізімінен іздейтінбіз. Алайда өзіндік ойын өрнегімен жұрт ықыласына бөленген Талғат үнемі тасада қалып қоятын. Сол үміт оты биыл жарқ еткендей. Өз күшін іспен дәлелдейтін «Барыстың» бағланын КХЛ басшылығы ақыры мойындапты. 11- қаңтар күні Братисалава мұз айдынында өтетін «жұлдыздар матчында» Талғат «Шығыстың» жеңісіне өз үлесін қосуға дайын. Дәстүрлі бәсекеге шақыру алған үздік хоккейшілер тізімінде «Барыстың» тағы бір шабуылшысы Брэндон Боченски де бар.
Шайбалы хоккейден ел чемпионатының кезекті турында Астананың «Номады» өз алаңында Теміртаудың «Арыстанын» қабылдады. Шиеленісті өткен алғашқы кездесудің негізгі және қосымша уақытында жеңімпазды анықтау мүмкін болмады.
4:4 есебімен аяқталған бәсеке соңынан хоккейшілер буллит орындауға кірісті. Бұл сынақта теміртаулық хоккейшілер ептілік танытты. Қонақтарға жеңіс сыйлаған шешуші шайбаны ресейлік легионер Сергей Палкин соқты. Осы жеңістен кейін 62 ұпай жинаған «Арыстан» үшінші , ал «Номад» бесінші орында келеді. Екі команда арасындағы қарымта матч бүгін өтеді. Осы күні Павлодардың «Ертісі» 8:1 есебімен Өскеменнің «Торпедосын» қапы қалдырды.
“Қайрат” футбол клубы алдағы маусымға қызу дайындалуда. Жаңа жылды алматылық футболшылар Біріккен Араб Әмірлігінде үш жолдастық кездесумен бастамақ.
Қаңтардың 11-де Владимир Вайсс шәкірттері ташкенттің “Пахтакорына” қарсы ойнайды. Ал 14-ші қаңтарда “Қайрат” Абу-Дабидың орталық стадионында германияның даңқты командасы “Гамбургпен” шеберлік байқасады. “Гамбург” германияның 6 дүркін чемпионы, сондай-ақ УЕФА кубогын жеңіп алған азулы команда. Алматылық клуб соңғы матча ресейдің “Краснодарымен” кездесуді жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетсек “Қайрат” жаңа маусымда Еуропа Лигасының іріктеу раундында өнер көрсетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!