Есілдің сол жағалауындағы дөкейлер сауық-сайранға әзірленіп жатыр
Автор: Жәудір Оразхан
25.12.2013
Есілдің сол жағалауында қызу қарбалас. Үкімет, министрліктер мен Парламент жаңа жылдық сауық-сайранға дайындалып жатыр. Мерекелік көңіл-күйге халық қалаулылары да енген. Сондықтан болар бүгін Мәжілістің осы жылдағы соңғы отырысын асқан шапшаңдықпен аяқтады.
Депутаттардың мереке алдындағы көңіл-күйі көтеріңкі. Бірін-бірі жаңа жылмен күні бұрын құттықтап, мәз-мейрам. Биылдың еншісіндегі ең соңғы отырыста әдеттегідей айтысып, ешкім қызыл кеңірдек болмады. Керісінше, жиын бойы бірі түрлі сайттарды ақтарды, енді бірі қымбат ұялы телефонына шұқшиып, өздеріне біраз ерік берді. Осылайша бүгін олар еш қарсылықсыз 14 құжатты қабылдап жіберді.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
-Жалпы, биыл депутаттар өте белсенді жұмыс істеді. 3-ші сессия басталғалы екі рет жалпы отырыс өткіздік. Қыркүйек айынан бері Сенатқа 36 заң жобасын жолдадық. Ал, 2012 жылдың басынан 170 құжатты қабылдап, оның 153-не Елбасы қол қойды.
Енді жаңа жыл қарсаңында осы жетістіктерін ортақ атап өтпек. 25 мың теңгеге арнайы билет сатып алдық, мерекелік кешке барамыз деп мәз. Көбі киетін көйлектерін әзірлеп әлек.
Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:
-Мен жана жылдың дәстүрі бойынша фрак киемін. Сол костюмді жана жылда киемін. Шаңын қағып жіберіп, үнемі соны киіп шығамын.
Ирина Аронова, Мәжіліс депутаты:
-Көк түсті көйлек киемін.
Зағипа Бәлиева, Мәжіліс депутаты:
-Ылғи балалар маған сыйлық жасайды, соны күтемін...
Мәжіліс қабырғасында да мерекеге дайындық қызу жүріп жатыр. Депутаттардың көңілін табуға тырысқан аспаздар ерекше ас мәзірін дайындап зыр жүгіруде. Мерекенің басты белгісі – жасыл шырша да құрылған. Жаңа жыл - балалар үшін ғана емес, шенеуніктер де асыға күтетін мереке. Өйткені, өзара бас қосып, ән салу, би билеп көңіл көтерген атқамінерлерге де қатты ұнайды. Бұл жолы да бар өнерлерін ортаға салмақ.
-Халық қалаулылары жақын күндері қысқы демалысқа кетеді. «Шетелге аяқ баспаймыз, отбасылық мерекені жақындарымыздың қасында өткіземіз» деп отыр барлығы. Ал, Мәжілістің кезекті отырысы енді 2014 жылы болады. Келер жылы талқыға түсетін құжаттар да көп дейді депутаттар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!