Ресейлік сайт Генадий Головкинді үздіктер қатарына "қосуға" ұмытып кетіпті
Автор: Төлеген Жұмабек
26.12.2013
Шайбалы хоккейден ВХЛ лигасында өнер көрсетіп жатқан Өскеменнің “Казцинк-Торпедосы” кезекті ойын күні жеңіске жетті. Челябінің “Челмет” командасын қабылдаған өскендіктер матч соңындағы буллитте 5:4 есебімен жеңісті тойлады.
Кездесуді ширақ бастаған қонақтар бірінші кезеңде есеп ашты. Бірақ Георгий Петров пен Семен Кошелев таразы басын теңестіріп қана қоймай айдын иелерін алға шығарды. Соңғы сәтке дейін алма кезек шабуылмен өткен бәсекенің негізгі уақыты 4:4 есебімен аяқталды. Буллит сериясында мергендігімен көзге түскен Кирилл Савицки шығыс қазақстандықтарға жеңіс сыйлады.
Ресейдің «Чемпионат. com» спорттық порталы, кәсіпқой бокс бойынша 2013 жылдың үздік 13 жекпе-жегін жіпке тізіпті. Бір қызығы жерлесіміз Генадий Головкиннің осы жылы өткізген титулдық төрт кездесуінің ешқайсысы бұл тізімге енбеген.
Қазақ боксшысын көзге ілмеген ресейлік танымал портал, өз отандастарына келгенде аянып қалмаған сыңайлы. Олай дейтініміз ресейлік боксшылардың қатысумен өткен үш бірдей бәсеке үздіктер тобына қосылыпты. Бұл тізімді америкалық Тимоти Брэдли мен ресейлік Руслан Проводников арасындағы кездесу бастап тұр. Есесіне канадалық Адонис Стивенспен бірге «жыл боксшысы» атағын бөліскен жерлесімізге HBO сарапшылары әділ бағасын берді. Олар Головкинді «жыл соққысының» авторы деп таныды.
Сегізбұрышты теміртордың ішінде Фабрисио Вердум, Антонио Сильва, Дэн Хендерсен секілді мықтылардан ұтылған Федор Емельяненко, енді Жапонияға жол тартпақ. 30-шы желтоқсан күні Токиода өтетін АРМРЕСТЛИНГ ДЖАЙАНТ КИЛЛИНГ турнирінде Федор Емельяненко, жапониялық ЙОКО ДЗУН ХА КУКОМЕН кездеседі.
ЙОКО ДЗУН ХА КУКО – сумодан Император кубогының 27 дүркін жеңімпазы. Әйгілі сумо өнерінің шебері мен ресейлік жампоздың бәсекесі, спорт сүйер қауымның алдағы жарысқа деген қызығушылығын арттырып отыр. Қарсыластардың дене бітімдері салыстыруға келмейді. Федор Емельяненконың салмағы 104 келі, ал бойы 183 см десек, одан 10 см биік Хакуко 154 келі тартады екен. Осы кеште жекпе-жектің басқа түрлерінен де бәсекелер өтеді. Токиодағы дәстүрлі турнирде өнер көрсететіндердің арасында Алистар Оверим, Марк Хант және Кадзуси Сакураба секілді дүлдүлдер бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!