Наразылық білдірген саудагерлер көшені жауып тастады
Автор: Нартай Аралбайұлы
26.12.2013
Оралда саудагерлер шу көтерді. Айтуларынша, әкімдік жаңа жыл алдында көшеде сауда-саттық жасауға ауызша рұқсат алған. Енді ұсақ-түйек тауарын тротуар бойына тізе бастағанда тәртіп сақшылары «кеттің» астына алып жатыр екен. Ашуға булыққан сатушылар бүгін көше жауып наразылықтарын білдірмек болды. Олар қалған тауарын сатып біткенше тиіспеуді талап етуде.
Саудагерлер осы көшеден қыруар қаржы табамызда деп жеткен. Бірақ ат төбеліндей ел белшеден пайдаға кенелер деп қорықты ма, әлде заңсыздыққа жорытты ма тәртіп сақшылары қас пен көздің арасында жетті. Жабайы саудаға қала әкімдігінен ауызша рұқсат алдық деп шыж-быж болғандардың сөзі полицейлерге шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ.
Бибігүл Мұстафаева, Орал қаласының тұрғыны:
-Бізді мына базарға тұрғызсын. Жаңа жылға 4 күн қалды. Тауарымызды алып қойдық, былтырғы жылы біз вообще сауда жасаған жоқпыз. Біз биыл тұруымыз керек, ақшамыз жоқ бала-шаға асырауға. Сол үшін қайда болсын барамыз.
Тәртіп сақшыларының тезіне төзгісі келмеген жұрт дереу Оралдың басты даңғылдарының бірі Абылайхан көшесін көлденең жауып тастады. Темір тұлпарлар сағаттап тұралап тұрды орнында, жұрттың қабағы қату. Ашуға мінген ел жиналып жабайы саудаға ауызша рұқсат берген қаланың әкімдігіне аттанбақ еді. Мұны сезді ме, әйтеуір қаланың атқамінерлері жетіп келді. Түсіндірмек болған, алайда ашуға мінген саудагерлер ешкімді елеген жоқ.
Ринат Шәуенов, Орал қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бастығы:
-Түсініңіздер, бұл жаяу жүргіншілер жүретін жол. Мұнда сауда жасауға мүлдем болмайды. Базарларда заң бойынша жалға орын алып тұрған сатушылар бар, сіздердің жабайы саудаларыңыз сол адамдарға да кері әсерін тигізеді.
Жарты күн жанжалдасып тамақтары қарлыққан тараптар түстен кейін ымыраға келді. Шенеунік жақын маңдағы үш базардың әкімшілігімен келісіп беретінін айтты. Яки бүгін қаланы басына көтергендер жаңа жылға дейін жалдау ақысын төлемей сол базарларда сауда жасаса болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары