Жылдың үздік спортшысы анықталды
Автор: Төлеген Жұмабек
27.12.2013
Кезекті турда Владивостоктың «Адмиралын» қабылдаған Астананың «Барысы» қонақтарға дес бермеді. Сонау Қиыр Шығыстан алыстағы арқа жеріне артына-тартына жеткен «Адмирал» 6:3 есебімен жеңіліс тапты.
Екі апта демалған астаналықтар бүгінгі бәсекені ширақ бастады. Тынық мұхиты жағалауынан келген «Адмирал» рангысындағы қарсыластарымыз көп ұзамай-ақ ойынды ортадан бастауға мәжбүр болды. Кездесудің 10-минутында қарсы қақпадан саңлау тапқан Брэндон Боченскидің соққысы нәтижелі аяқталды. Алғашқы үзіліске санаулы секундтар қалғанда «Барыстың» мергені тағы да көзге түсті. Алма-кезек шабуылға ұласқан екінші кезеңде қос команда да бір -бірінен қалыса қойған жоқ. Бұл кезеңдегі есеп 2:2. Кездесудің шешуші бөлігінде қонақтардың бір шайбасына қос голмен жауап қайтарған «Барыс», өзінің осы мауымдағы 26 жеңісін тіркеді.
АССОШИ ЭЙТЕД Пресс агенттігі 2013-жылдың үздік спортшысын таңдады. Былтыр жылдың үздігі деп Серена Уильямсті таңдаған агенттік, биыл «Майами Хиттің» баскетболшысы Леброн Джеймске тоқтапты.
Леброн Джеймс өз командасымен екінші жыл қатарынан Ұлттық баскетбол қауымдастығының чемпиондық атағын жеңіп алды.Сонымен қатар осымен төртінші рет лиганың ең бағалы баскетболшысы деп танылды. Дауыс беруге қатысқан 91 адаманың 31 Леброн Джеймсті таңдаған. Статистикаға үңілсек, Леброн Джеймс осы агенттік версиясы бойынша жыл үздігі атанған үшінші баскетболшы екен. Бұған дейін мұндай мәртебеге атышулы гулливерлер Майкл Джордан мен Ларри Берд ие болған.
Футболдан Англия примьер-лигасының 18-ші турында “Вест Хэмді” 3:1 есебімен ұтқан лондондық “Арсенал” бірінші орынға қайта көтерілді. Ал бұл айналымның орталық бәсекесінде “Манчестер Сити” “Ливерпульді” қабылдаған болатын.
Кездесуді ширақ бастаған қонақтар көп ұзамай есеп ашты. Луис Суарес айып алаң алдында Рахим Стерлингқа тамаша пас шығарған. Қақпашыны алдап өткен Стерлинг допты Филиппе Коутиньоға қалдырды. Манчестерлік ойыншылар да қарап қалған жоқ. Көп ұзамай бұрыштама добына бірінші жеткен Винсант Компани таразы басын теңестіріп кетті. Ал бірінші таймның соңында Альваро Негредо қарымта шабуылға нүкте қойды. Қортынды есеп 2:1 “Манчестер Ситидың” пайдасында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!