Бүтін бір қала жылуға жарымай отыр
Автор: Саят Сабдалы
27.12.2013
Қарағанды облысындағы Абай қаласының тұрғындары қыстың көзі қырауда жылуға жарымай отыр. Айтуларынша, осымен төртінші қыс қатарынан қала билігі жылуға қараспай келеді екен. Арыз арманын айтып барған жұртты маңайына жуытпатын бір күндік шенеуніктерден «запы болдық» деп ашынады жұрт. Алайда шенділер баспаналарын қысқа дайындамаған тұрғындар текке даурығады дейді.
250-ге тарта көпқабатты үйі бар Абай қаласындағы тұрғындардың көрген құқайы аз емес. Жарыққа жарымай, ауыз судан тарыққан заман өтсе де жұрт соңғы 4 жылдан бері әлі жылуды жырлап келеді. Бірі келіп, бірі кететін басшыдан бізге қайыр жоқ дейді шарасыз тұрғындар.
Галина Рефель, Абай қаласының тұрғыны :
-Пәтер жалдаушы деп атаймыз біз бұларды. Пәтер жалдайтын адам ол пәтердің жайына бас ауыртып қайтсін. Өйткені көз ілеспес жылдамдықпен ауысатын әкімнен не қайыр, не үміт?! Келдім, кеттім тірлік. Шіренген әкімге мұңымызды айтып кіру мұң боп тұр.
- Құдай сақтасын, осындай қара суықта өмір сүріп жатырмыз. Сұмдық.
Тоқсандағы бұл кейуананың жанайқайы бөлмеден ары аспайды. Төсекке таңылған соғыс ардагері көрім жақындағанда көрген қорлығым осы деп түңіліп отыр. Сырттан келетін жылуға жарымаған үйдегілер, электр плиткаларына қосқанның өзінде қабат-қабат киіммен жүреді.
Мария Поленица, Абай қаласының тұрғыны:
-Екі жылытқышты қосып ұйықтаймыз. Жылу маусымы басталарда әр үй 7-10 мың теңгеден жинап береміз. Бірақ істеген істен пайда жоқ. Дала жылы күнде міне үйде 14 градус суықтықты көрсетіп тұр.
-Абай қаласына жылу мына құбырлар арқылы жетеді. Мұның бірімен ыстық су қалаға еңіске қарай өз бетімен ақса, қаладағы су жылу орталығына насостардың көмегімен айдалуы тиіс. Бірақ тұрғындар жылу жүйсіндегі айналымды қамтамасыз ететін насосты станциялардың дұрыс жұмыс істемейтінін айтып қынжылады.
Өйткені бұрын жұмыс істеген 10 шақты насостан қалғаны екеу ғана екен. Бірақ қала басшысы бірен-сараны болмаса, тұрғындар тегіс жаурап жатыр дегенге сенбейміз дейді. Тіпті өз кабинетінің ысып тұрғанын алға тартқан ол, қабылдауына келетін тұрғындарға қолымнан келгенше көмектесіп жатырмын деп салды.
- Бар арыздар. Ол арыздарға акті жасап оларға түсіндіріп айтамыз. Сізде мына жеріңіз дұрыс емес, мына жерде системаңызды қате жасапсыз. О жерді істеңіздер деп. Біздің трубамызда да кінә бар, насосныйдың жоқтығынан да кінә бар.
Бұрынғы әкімдер үшін жауап бермейтінін айтқан жаңа басшы, негізгі жылу магистралін толықтай жаңартуға 3 жарым миллиард теңге жұмсап, алдағы 2 жылдың ішінде жұртты жылуға қарық қылам деп отыр. Қала ішілік насос станцияларын да салмақ екен. Ал сансыз әкімнің сандырағына тойған жұрт, кімге жіберерін білмесе де, арызы жазылған ақ қағазға жаппай қол жинап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!