Жанайқай: «Біз тоқалдан туғамыз жоқ, қарды тазартсын»
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
27.12.2013
Ал Семейде жолдарын қар басып, қатынас қиындаған Кіші Ақтөбе елді-мекенінің жұрты бүгін наразылыққа шықты. Қала іргесінде тұрса да қары бір тазаланбайтын елді-мекенге қыс түссе жедел жәрдем, өрт сөндіру сияқты қызметтер ат ізін салмайды. Ал мектеп оқушылары сабаққа бара алмай үйлерінде жатыр.
Бұл Кіші Ақтөбе елді-мекеніне апаратын негізгі жол. Оның өзін қазір қар басып, көлік атаулыны аттап бастырмай тұр. Жұрт мәселені айтып шенеуніктерге сан мәрте барғанымен, жарытып жауап ала алмаған.
Назгүл Оразбаева, Кіші Ақтөбеауылының тұрғыны:
-Ауылдың әкімі айтады сендер қалаға қарайсыңдар деп. Қалаға барсақ, бізге сендер Озеркиге қарайсыңдар дейді. Сонымен екі ортада қалған ауыл болып тұрмыз.
Жолдың жоқтығынан мұндағы балалар бірнеше күннен бері көрші ауылдағы мектепке де бара алмапты. Ал шұғыл әрекет ететін қызметтер елді-мекенге кіре алмай кері қайтып жатыр.
Сәкен Махметов, Кіші Ақтөбеауылының тұрғыны:
-Біз тоқалдан туғамыз жоқ! Қысқасы, біз де Қазақстан азаматымыз, жағдай жасалуы керек. Барлық салығын төлеп жатырмыз ғой!
Қала іргесіндегі ауылда 50-ден астам түтін бар. Жақында олардың біреуі өртеніпті. Ал құтқарушылар жолды қар басқандықтан, 1 сағат бойы оқиға орнына жете алмай титықтаған.
-Оқиға куәгерлерінің сөзіне сенсек, мұнда екі бірдей газ баллоны атылған. Қатты жарылыс салдарынан іште болған зейнеткер есту қабілетінен айырылыпты. Үйі жарамсыз болып қалғандықтан, ол қазір тамыр-таныстарын жағалап кеткен.
Ауылдың әкіміне де бас сұқтық. Жағдайды бес саусағындай білетінін бізге жеткізуге тырысып бақты. Бірақ тұрғындардың талабын түсінбей отыр өзі.
Бақытжан Нұғыманов, Озерки ауылдық округінің әкімі:
-Әлі қар түсе қойған жоқ. Жұқа қар. Сонша алып бара жатқан еш нәрсе жоқ. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығымен ұдайы хабарласып тұрамыз. Барлық мүмкіндікті жасаймыз.
Атқамінерлер қалың қарды күтіп жүргенде, тұрғындар облыс басшылығына шағым әзірлеуде. Өйткені көлік қатынасы үзілгелі әбден қиналған. Күн сайын күре жолға дейінгі 2 шақырымды омбылап өтетін жұр енді қалың қарды күтсек неміз қалады деп күрсініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!