Аудан әкімі аспазы мен күзетшілерінің айлығын бюджет есебінен төлеген
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.12.2013
Сән-салтанаты президенттен кем емес! Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі үйінде аспаз бен бір топ күзетші ұстап, айлығын бюджет есебінен төлетіпті. Сөйтіп 6 ай бойы млн-даған қазына қаржысын бас пайдасына жаратып келген.
Мақсат Байдалиев, Жамбыл облыстық Қаржы полициясы басқармасының бөлім бастығы:
-Штаттан тыс аппарат құрамына алынған. Ал, ҚР бюджет кодексына сәйкес қызметтік үйлер санатына, тек резиденция, үкімет үйі, Елбасы үйі болса ғана бюджеттен қаражат бөлініп, ұстауға рұқсат беріледі.
Дегенмен «айран ішкен құтылып шелек жалаған тұтылған». 4 адамды жұмысқа алу жөнінде пәрмен берген аудан басшысы Марат Смайылов қатаң сөгіс алса, бұйрық шығарған аудандық аппарат жетекшісі Қанат Өзбеков қызметінен қуылыпты. Шенділердің ісі тәртіптік кеңесте де қаралған. Қаржы полицейлері сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, ар-намыс кодексын бұзған әкімнің өзі де орнынан кетуі мүмкін деп ойлаған еді. Алайда, ол жылы орнын сақтап қалды. Жергілікті басылымдардың мәліметінше, аудан басшысының әйелі тәртіптік кеңесте бас маман болып істейді екен. Сондықтан Марат Райымбекұлының жеңіл жаза алуына құдай қосқан қосағы көмектескен деген болжам бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!