Қайрат Нұртастың шатақ шығарған жанкүйерлері шартты мерзімге сотталды
Автор: Елгүл Нұғман
30.12.2013
Қайрат Нұртастың концертінен кейінгі жаппай төбелеске қатысқан тағы екі жасөспірімге үкім кесілді. Бұл жолы сот Руслан Куприянов пен Аманжол Құрманбай есімді екі бозбаланы екі жылға құқығын шектеді.
Темір торға жабылғандардың бірінің жасы 16, екіншісі 18-ге енді толған. Екеуі де «бұзақылық және көлік ұрлау» бабы бойынша айыпты деп танылып отыр. Сот бозбалалардың кәмелет жасына толмағанын, сондай-ақ кінәларын бірден мойындағанын ескеріпті. Бұған дейін Алматының ювеналды сотында осы тәртіпсіздікке қатысқан тағы бір балаға да үкім шығып, оның да екі жылға құқығы шектелген болатын. Енді сотты болған жасөспірімдер түнгі сағат 11-ден кейін көңіл көтеру орындарына бас сұға алмайды. Сонымен қатар, тұрғылықты мекен-жайын ауыстыруға және қадағалау органдарының рұқсатынсыз басқа жаққа кетуге тыйым салынды. Айта кетсек, тәртіпсіздік тамыз айында болған. Әнші Қайрат Нұртастың сахнаны тастап кеткеніне ызаланған топ «Прайм-плаза» сауда орталығын талқандап, салдарынан 90 адам жараланған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!