Шекараны майшелпекке айналдырған генерал ұзақ мерзімге сотталды
Автор: Олжас Байжан
30.12.2013
Шекара қызметінің тағы бір шендісі темір торға тоғытылды. Бүгін алқабилердің қатысуымен Алматының әскери соты Батыс аймақтық шекара басқармасының экс-бастығы Әбдіразақ Ілиясов пен оның үш сыбайласына үкім кесті. Генерал алдағы өмірінің 13 жылын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізуі тиіс. Ал капитан Айдос Ғабдуллин 11, сержант Абай Есімов 10 жыл арқалады. Бұлардың барлығы қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпты деп танылып отыр.
Шекара қызметінің генералы Әбіразақ Ілиясовқа тағылған айып ауыр. «Қылмыстық топ құрды», «аса ірі көлемде пара алды» және «қызметін пайдаланып, мемлекетке салдары ауыр шығындар келтірілді»,- дейді мемлекеттік айыптаушылар. Сыбайластар елдің батыс шекарасындағы Бейнеу, Тәжен, Сырым сияқты бекеттерде ақша бопсалап, қалта толтырған. Яғни шекарадан арлы-берлі өткендерден ақша жинап, 100 млн теңге заңсыз табыс тауыпты. Бірақ мұндай ауыр айыптардың тағылғанына қарамастан, генерал мен оның сыбайластарына үкімді алқабилер кесті.
– Ілиясовтың дүние мүлкі-тәркіленіп 13 жыл бас бостандығынан айрылсын. Жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтесін.
50 куәгердің түсінігі мен 31 томды құрайтын істі қарау барысында адвокаттар «тікелей дәлел жоқ, қорғауымыздағы азаматтарды ақтап аламыз» деген сеніммен отырған. Бірақ айыпталушылар қатарынан куәгерлер санатына ауысуды жөн көрген Думан Елемесов олардың болжамын бұзды. Өз кінәсін мойындаған соң бүгін жазадан құтылып, бостандықта қалды.
Геннадий Нам, Ә.Ілиясовтың адвокаты:
–Адам ретінде ол кісінің танымаймын. Бірақ барлығымыздың қорғану жоспарымызды оның іс-әрекеті бұзды. Басқа адвокаттың қорғауында болғандықтан этикаға жүгініп артық сөз айта алмаймын. Бірақ Ілиясов өз кінәсін мойындағанның өзінде жазадан құтылмаушы еді. Себебі іс материалдары бойынша ол қылмыстық топ басшысы.
Сонымен қатар соттың үкімі бойынша генералдың Маңғыстау облысы мен Алматы қаласындағы 3 пәтер, 4 қымбат көлік пен 50 млн теңгеге жуық қаржы мемлекет пайдасына тәркіленуі тиіс. Ал «қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті» деген Әбдіразақ Ілиясовтің туыстары оның қызмет үшін күрестің құрбаны болып отыр дегенді алға тартады.
Майра Алмағамбетова, Ә.Ілиясовтың әпкесі
–Інімнің осы жерде істегені бар болғаны қаңтардан қарашаға дейін. Қаңтарда келіп, наурызда осы схемамен жұмыс жасады деп жала жауып жатыр.
-Сот алқа билердің қарауында болғандықтан апелляцияға беру талаптары да адвокаттардың жұмысын қиындатпақ. Себебі қайта қарау себептері ретінде кінәнің дәлелденгені мен жазаның дұрыс берілгендігі жайлы сөз қозғауға болмайды. Сондықтан адвокаттар сот протолдарын майшаммен қарап, кішігірім қателерді негізге алуына небәрі 15 күндері бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!