Зауыты өртенген кәсіпкер бизнестегі бәcекелестерінен күдіктеніп отыр
Автор: Олжас Байжан
06.01.2014
Алматыда жол белгілерін шығаратын зауыт отқа оранды. Тілсіз жаудың тез жылдамдықпен таралғаны соншалық, оны ауыздықтау да оңайға түскен жоқ. Ал қызыл жалын қылаң бергенде кәсіпорын ішінде көп жұмысшы болмаған. Тек өнімдерді аман алып қалуға тырысып, ысқа тұншығып қалғандар бар.
Жол белгілері зауытына тиесілі қоймалардың біріндегі өрт таңғы сағат онда тұтанды. Будақтап шыққан қою түтін шаһар аспанын тұмшалап, жұрт тағы «базар отқа оранды ма?» деп тіксініп қалыпты. Ал түтін өрт сөндірушілерге де кедергі келтірген.
Денис Ярцев, Алматы қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
-Өрт сөндіруге температураның төмен болғандығы кедергі жасауда. Қоймадағы заттар жақын орналасқандықтан жалын үлкен аймаққа таралды. Оның үстіне түтін қолымызды біраз байлады.
Төтенше жағдай салдарын жоюға 21 арнайы техника мен 95 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Маңайдағы көлік қозғалысы да тоқтатылыпты.
– Таңертен тұтанған тілсіз жау мына ғимараттың ішіндегі қойманы толық шарпыған екен. Ішінде негізінен пенопласт өнімдері сақталғандықтан өрт сөндіру барысында ол елеулі қиындықтарды тудырыпты. Міне қазір қызыл жалынның қылаң бергенінен бері екі сағаттай уақыт өтті. Қою түтін басылып, өрт толықтай ауыздықталды десе де болады.
Ал тілсіз жау қылаң берген сәтте қойма ішінде болған адамдар қауіпсіз жерге шығарылып, ешкім зардап шекпеген. Бірақ көрші бөлмедегі тауарды өрттен аман алып қалуға тырысқан екі жұмысшы ысқа тұншығып, жеңіл жарақат алыпты. 280 шаршы метр аумақ өртеніп кеткен. Жалпы қойма осымен төртінші жыл жалға беріледі екен. Зауыт басшылығы өртті де сол жалға алушылардың кәсібімен байланыстырып отыр.
Қуаныш Асанов, Зауыт директоры:
- Қалада пенопласт шығарушылар арасында бұқпантайлаған бәсекелестік бар. Бұл жерде қойма да бар, өндіріс те бар. Бұл «Ақтау» фирмасына тиесілі. Олар бізден ғимаратты 2008 жылдан бері жалға алып келеді.
Ал пенопласт шығарумен айналысатын кәсіпкердің шығынға батқаны сөзсіз-ақ белгілі. Алдын-ала есеп бойынша бірнеше миллион теңге көлеміндегі сомма аталуда. Бірақ өрттің неден шыққаны және нақты материалдық шығын көлемі тиісті тексерістен соң нақтыланбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!