«Бесоба» кешенінің тұрғындары уәде етілген пәтерлеріне кіре алмай отыр
Автор: Саят Сабдалы
07.01.2014
Қарағандыда атышулы «Бесоба» кешеніне тұрғындарды қоныстандыру басталды! Жергілікті билік өздері уәде еткендей жаңа жыл қарсаңында бесобалықтарды жарылқағандарын қағаз жүзінде хабарлап, жұрттан сүйінші сұраған. Алайда көбі өтірік болып шықты.
«Шапағат» тұрғын-үй кешенінің құрылысы мерекемен, тіпті жексенбі күндері де тоқтаған емес. Жаңа үйлердің қабырғалары, бірі құлап, қалғаны апатты деп танылған бұрынғы Бесоба жұртындағы қирандыларға қабаттаса бой көтеріп жатыр. Оған уақытша пәтерлерде тұрып келген бесобалықтар қоныстануы керек. Құрылыс жұмыстарына 1 жарым миллиард теңге бөлінген.
Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі:
-Алдымен 97 пәтерді жаңа жылға дейін тапсырамыз. Олардың сапасына да қатты қадағаланып жатыр. Ана жағдайдан кейін сапасына мән бермеуге болмайды. Барлық 242 пәтер 2013 жыл біткенше тегіс тапсырылады.
Ал жаңа жылды тойлардың дәл алдында облыс әкімінің баспасөз қызметі «жұмыс бітті» деген еді. Тіпті сорлары бес елі бесобалықтардың барлығына «баспаналы болдыңдар» деп сүйіншілеп жіберген. Ал іс жүзінде 242-сі былай тұрсын, облыс әкімінің өзі айтқан 97 пәтер де дайын болмай шықты. Дайыны тек мына бір подьездегі 24 пәтер ғана. Оны салған мердігер жарық әрі кең бөлмелерді тұрғындарға өзі көрсетіп, кілтін қолымен табыстап жүр. Айтуынша қожайындары дән риза, құжаттары да бүгін, ертең рәсімделмек.
Бақтияр Шахманов «О.Т.А.Н» ЖШС бас директоры:
-Жұма күнге дейін мемлекеттік қабылдау актісіне қол қойылады. Жұмыстар асығыссыз, мерзімімен атқарылды. Біз алдағы үш жыл бойына баспанадан ақау шықса жөндеуге міндеттіміз.
-Мердігерлердің айтуынша, үйдің мына жағындағы екі подьездегі әрлеу сылау мен сыртын бүтіндеу жұмыстары ақпан айында аяқталады. Сонда ғана облыс әкімі жаңа жылға дейін тапсыруға талпынған 97 пәтердің саны шыққалы тұр. Ал мына қапталында қаңқасы қарайған ғимарат тағы да сол шенеуніктердің айтқанына сенсек, осы жазда-ақ қамкөңіл қарашаның қажетіне жарамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары