Хатшысын сабаған экс-сенатордың ұлы қызметінен қуылды
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
07.01.2014
Хатшысына қол көтерген шенеунік қызметінен қуылып тынды. Ақмола облыстық жер инспекциясының бастығы Қайрат Бақбергенді креслосынан қозғау үшін анау-мынау емес Астанадан арнайы комиссия да келіпті. Бүгін тентек бастықты тезге салу үшін Тәртіптік кеңес те жиналған. Алайда Қайрат Бақберген әріптестерінің алдына келіп мән-жайды түсіндірмек түгілі, оғаш қылығы үшін кешірім сұрауға да жараған жоқ.
Тентек бастықтың хатшы қызға жасаған озбырлығы жаңа жылдың алдында әшкере болған. Ақмола облыстық жер инспекциясында қызмет еткен Әйгерім Ізахметоваға бастығы арақ ішіп келіп қол көтеріпті. Келіншектің ауыр соққыдан миы шайқалғанын сот сараптамасы да растаған. Үлкен шуға ұласқан соң ақыры Қайрат Бақбергенді қызметтен қууға Астанадан арнайы комиссия келді.
Қанат Сапарбеков, ҚР Өңірлік даму министрлігі, Мемлекеттік қызметкерлер этикасын қадағалау басқармасының басшысы:
-Бұл оқиға министрліктің беделіне кір келтірді. Сондықтан ондай қызметкер қатарымыздан шығарылуы керек. Бірақ әзірге оны өзіміз таба алмай жатырмыз.
Тентекті министрлік қана емес, Ақмола облыстық Тәртіптік кеңесінің мүшелері мен қызметтестері де іздеп таба алмай жүр. Дәрігерден «денсаулығына байланысты қызметке жарамсыз» деген құжат та алмапты. Мәселесі қаралып жатқанда Тәртіптік кеңеске де бас сұққан жоқ.
Боранбай Бегалин, Ақмола облыстық Тәртіптік кеңесінің мүшесі:
-Осы оқиғаның өзі жеткілікті емес пе? Қарамағындағыларға сес көрсетіп, аузына келгенін сөйлеп, екі баланың анасы, әйел адамға қол көтергеннен кейін оны мемлекеттік қызметтің маңына жуытпауымыз керек.
Хатшысына қол көтеріп, басы бәлеге қалған Қайрат Бақбергеннің экс-сенатор Бақберген Досманбетовтың ұлы екенін айта кетейік. Әкесі қазір «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясында президенттің кеңесшісі. Ал тентек бастықтың өзі Ақмола облыстық жер инспекциясын басқарған 1 жылдың ішінде 5 хатшы ауыстырып үлгерген екен. Комиссия тексерген кезде қатардағы қызметкерлердің бірнешеуі оның осындай өрескел әрекетін ашық айтқан.
Әйгерім Ізахметова, жәбірленуші:
-Мемлекеттік қызметкер болса да боқтық ол үшін жәй айтылған сөз сияқты. Жұмысқа орналасқанда маған кадр бөлімінің басшысы, біздің бастық ерекше адам, ондай адам өмірде жоқ деді. Мен оны шынымен де ерекше кісі шығар деп ойласам. Ерекшелігі осындай екен.
Енді ерекше бастық жұмыс орнын біржола босататын болды. .
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!