"Астана арландарының" қатарына тәжірбиелі боксшы қосылды
08.01.2014
Шайбалы хоккейден Континентальдық лиганың кезекті турында, Шығыс Конференция лидерлері «Ақ Барыс» пен «Барыстың» жолы түйісті. Барыстардың бәсекесінен қызықты һәм тартысты ойын күткен көрермен қателеспепті. Қазан мұз айдынындағы теке-тірес 1:2 есебімен астаналық клубтың пайдасына шешілді.
Осы жеңістен соң «Барыс» өз конференциясында екінші, ал жалпы кестеде үшінші орынға көтерілді. Ең бастысы «Ақ Барыстан» тек бір ұпайымыз кем. Кездесуді ширақ бастаған жерлестеріміз Эмиль Гарипов қорғаған қақпаны қайта-қайта нысанаға алумен болды. Сондай шабуылдардың бірінде Федор Полищуктен жеткен пасты қақпаға дәл бағыттаған Михайл Рахманов көзге түсті. Бірақ арада он минут өткенде «Барыстың» қақпашысы Ари Ахоненнің қателігін епті пайдаланған алаң иелері есепті теңестіріп кетті. Алайда алма-кезек шабуылға ұласқан екінші кезеңнің ортасында , Эмиль Гарипов екінші рет сан-соғып қалды. Таблодағы осы нәтиже ойын соңына дейін өзгере қойған жоқ.
Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ілияс Сүлейменов, «Астана Арландарының» қатарын толықтырды. 23 жастағы боксшы 2-қаңтардан бастап жаттығуға кірісіп кетті. Ілияс жастығына қарамастан талай доданың басын шалған тәжірибелі боксшы.
2011 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдесін иемденген ақмолалық шебер, ҚР президенті кубогы жолындағы дәстүрлі турнирде топ жарды. 2012 жылы Қазақстан құрамасы сапында Лондон олимпиадасында өнер көрсетті. Былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатында , Ілияс ширек финалдық бәсекеде төрешілер шешімімен Уэльс боксшысы Эндрю Селбиден ұтылды. «Астана Арландары» жаңа-жылда Сүлейменовтен басқа Әсет Қасымов және Манат Өмірзақов секілді боксшылармен келісім шартқа отырды.
“Манчестер Юнайтед” тағыда сүрінді. Ішкі біріншілікте 7-ші орында келе жатқан Дэвид Мойес шәкірттері Англия кубогы аясында Суонсиге 2:1 есебімен ұтылған болатын.
Бұл жолы лига кубогынан дәмеленген манчестерліктер қос кездесуден тұратын бәсекенің алғашқы матчында сырт алаңда “Сандерлендқа” жол берді. Алғашқы таймның соңында сол қапталдан жеткен допты абайсызда өз қақпасына бағыттаған Райан Гиггз автогол иесі атанды. Бірақ үзілістен кейін қонақтар таразы басын теңестірді. Бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші жеткен Неманья Видич. Алайда матчтың 64-ші минутында Манчестер қақпасына пенальти белгіленді. Нүктеге жақындаған италиялық шабуылшы Фабио Борини “Сандерлендке” жеңіс сыйлады. Ал “Манчестер Юнайтед” осымен үшін рет қатарынан 2:1 есебімен қарсыластырына жол берді.
“Арсенал” шабуылшысы Тео Уолкотт енді жарты жыл алаңға шықпайды. Англия кубогы жолында “Тоттенхэмге” қарсы ойында аяғынан жарақат алған 24 жастағы ойыншы енді Бразилиядағы әлем чемпионатына да қатыса алмайды.
Дәрігерлер футболшының балтыр сіңірі үзілгенін анықтапты. Ал мұндай жағдайда Уолкотт жасыл алаңға кем дегенде алты айда шықпайды. Көшбасшы ойыншыларының бірінен айрылған клуб енді оның орнына лайық футболшы іздеуге кіріскен. Арсен Венгердің алдағы трансферлік маусымдағы басты мақсаты мадридттық “Атлетико” шабуылшысы Диего Коста мен “Бавария” форварды Марио Манджукичты шақыру. Сондай-ақ лондондық команда “Реалдың” жас ойыншысы Альваро Моратаны “Арсенал” сапына тартуды көздеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары