Кальянға тиым салынғанымен оны шегушілер қатары азаяр емес
Автор: Аруна Ортай
08.01.2014
Елде 6-шы сыныптағы бала да кальян шегеді. Түтінге үйір бозбалалар болашақта қорқордан бас тартуды тіпті ойламайды да екен. Жеткіншектердің жетпіс пайызы болса, кәдуілгі темекіге әуестенген. Темекіге қарсы қоғамдық ұйым белсенділері осындай қорқынышты деректер келтіріп отыр. Олар кальян саудасына мүлдем тыйым салуды сұрайды. Ал темекімен, алкоголизммен күресті күшейті мақсатында Үкімет қаңтардан бастап акциз құнын көтерген болатын.
Жәмила Садықова түн ұйқымнан айрылдым дейді. Темекіге қарсы коалиция президенті оқушылардың көпшілігінің кальянға әбден еті үйренгеніне алаңдаулы.
Жәмила Садықова,«Темекі түтінінен айрылған Қазақстан» ұлттық коалициясының директоры :
-Сауалнама нәтижесінде жеткіншектеріміздің 9 пайызы темекі, 13 пайызы кальян шегетіні белгілі болды. Ол аздай, оқушылар темекі мен кальянды тастайтын ойлары жоқ екенін ашық айтты. Бұл деген үлкен қауіп. Жедел түрде шара қолданбасақ болмайды.
Кальянды қоғамдық орындарда шегуге қазір тыйым салынғанымен, Садықова енді депутаттардан оған мүлде тыйып тастауды өтінген. Ресми сауал ертең Парламент қабырғасында қаралмақ. Ал әзірге көк түтінмен күрес ретінде тек темекінің бағасы қымбаттады. 1-ші қаңтардан бастап, акциз екі есеге өскен. Тек темекі сататын компаниялар мұндай шараның нәтиже бермейтінін айтып отыр.
Олжас Бибанов, Темекі компаниясының менеджері:
- Өткен жылы акциз 25 пайызға қымбаттаған болатын. Бірақ, солай бола тұра темекіге деген сұраныс азайған жоқ. Қайта темекіні заңсыз саудалаушылар қаптап кетті. Контрабанда көбейді. Сондықтан, биыл да темекі қымбаттады екен деп адамдар аз шеге бастайды деп айта алмаймын.
Темекімен бірге, арақтың да бағасы қазір шарықтаған. Бұрын ең арзан арақтың бөтелкесі 320 теңге болса, қазір 560. Баға өскенімен, ішкіштердің қатары азаймаса керек.
Әміржан Қалиев, «Қазалко» қауымдастығының президенті:
- Мына арақты ішуді тоқтату бұл әр адамның өзі жүрек талғамы болу керек. Тек қана оның бағасын көтеріп, оны сату орындарын жауып, бұлай біз ол мақсатқа жете алмаймыз.
Қазақстанда бір жылда 27 млрд дана темекі сатылады екен. Акциздің құны қанша өскенімен, статистика еш өзгермеген. Яғни, түтіндетушілердің қатары мүлде сиремеген. Ал араққа келсек, биылдан бастап сағат кешкі 9-дан күндізгі 12-ге дейін арақ сатуға мүлде тыйым салынбақ. Оған қоса, алкоголизммен күресті күшейткен Үкімет жанармай бекеттердегі арақ дүкендері де түгелдей жабылмақшы. Ал келесі жылдан бастап сыра мен шараптың акциздік бағасын өсіру жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!