Мидағы ісікті асқазандағы кеселмен шатастырған
Автор: Рымбек Қабиден
08.01.2014
Павлодар облысында дұрыс қойылмаған диагноз кесірінен бір жарым жасар қыз өлім аузында жатыр. Ми ісігімен сырқат сәбиді аудандық ауруханадағы дәрігерлер салдыр-салақ қарай салып, өздерінше ем-дом жасады дейді ата-анасы. Яғни ақ халаттылар бірден іші түйілді деп шешіп, асқазанын тазартқан. Сөйтіп жүргенде ауруды одан бетер ушықтырып жіберіпті.
Шалғай ауылдан облыс орталығына дейінгі азапты жол Шекеновтар шаңырағы үшін қиямет-қайыммен тең. Ауырған сәбилерін аудан орталығына апарайын десе, жедел жәрдем көлігі сынып қалған. Әупірімдеп көршінің көлігімен жеткендері сол еді, дәрігерлер мүлде дедектетіп жіберді. Тәй-тәй басып келген кішкентайлары ауруханада есінен танып, Павлодарға реамобильмен жеткізілді. Қам көңіл ана бұл жағдайға ақ халаттылардың өз жұмысына атүсті қарауы себеп деп отыр.
Расима Шекенова, сәбидің анасы:
-Ол асқазанды тазартпас бұрын, уланудан өзге қауіп-қатердің алдын алуы тиіс-тін. Себебі, ми ісігі сынды ауыр сырқат анықталған жағдайда, ішті тазарту шаралары мүлде жасалмайды.
Бұдан бөлек, бауыр еті баласын қаратуға әкелгенде бірден секем алыпты. Себебі ешкім жағдайды сұрамаған. Есесіне, сұйықтық толтырып, ішін томпитып қойғандарын несеп шығару үшін жасалды деп ақталған көрінеді. Енді салғырт әрекеттердің салдары мынау.
Гүлсара Тампишева, Павлодар облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
-Қазір сәбидің жағдайы өте ауыр. Ми ісігі диагнозы қойылып отыр. Дәрігерлер оның жанын аман сақтап қалу үшін барын салуда.
Ал, қауіптің алдын алмақ түгілі, себебін дер кезінде анықтай алмаған аудандық аурухана дәрігерлері ең болмаса ескерту де алмапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеру қорытындысын күтіп отырмыз деп сендірді.
Алмагүл Ахметжанова, Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі:
-Қазіргі кезде дәрігерлер, мамандар ауруханадағы, бұрынғы кездей атқарып жатыр өз жұмыстарын. Бірақ та тексерістің қорытындысы бойынша біз шараларды қабылдауға міндеттіміз.
Бірақ сәбидің ата-анасы қол қусырып отырмақ емес. Қызметіне атүсті қараған дәрігерлер әділ жазасын алмай тоқтамаймыз деп отыр.
-Жасы екіге толмаған Меңсұлудың ес-түссіз күйге түскеніне аптадан асты. Дәрмені таусылған дәрігерлер уақыт өткен сайын оны ажалдан арашалап алу мүмкіндігі азайып бара жатқанын айтады. Ал, қызымыздың өкпесіне су толтырды деп дәрігерді кінәлаған ата-ана прокуратураға шағым түсірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!