Қымбат көлікті тізгіндеген жүргізуші бір отбасыны асыраушысынан айырды
Автор: Олжас Байжан
08.01.2014
Алматыда 3 баланы әкесінен айырған жүгенсіз жүргізуші іздестірілуде. Жаңа жыл алдында қымбат көлікті тізгіндеген жас жігіт 50-жастағы азаматты қағып, өзі оқиға орнынан ізін суытыпты. Ал бас сүйегі мен аяқ-қолы бірнеше жерден сынған Әділғазы Нұрқасымов ауруханада тілге келместен мерт болған.
Балаларын жалғыз асырап отырған жігіт ағасы туғанынан жарымжан қызы үшін дәрі-дәрмек алуға көшеге шыққан екен. Содан қайтып оралмаған. Кешіккен әкесін жақын маңнан іздеген жеткіншектер оны таба алмай, тәртіп сақшыларынан қаралы хабарды естіпті. Кейін Әділғазы Нұрқасымовты «Range Rover» көлігімен 23 жасар жігіт қағып кеткені белгілі болды. Жүгенсіз жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өткенімен қатар, оқиға орнынан қашып кеткен. «В 707 АВ» нөмірлі шетелдік қымбат темір тұлпар сол тізгіндегі Александр Митрофановтың әкесінің жеке компаниясының атына тіркелген екен. Ал өзінің қайда жүргендігі осы күнге дейін белгісіз. Митрофановың бұған дейін Германия азаматтығын алғаны туралы ақпарат бар.
Боранбай Нұрқасымов, Ә.Нұрқасымовтың әкесі:
–Соғылған адамды жедел жәрдем алып кету керек, қаққан адамды полиция ұстап алу керек сол жерде. Бұл неге қатар жүрмейтін шаруа?! Өліп қалған баламның артында үш баласы қалды. Не соғып кеткен жігіттің әкесі келмейді, не туысқандары келмейді. Бір адамды күні бүгінге дейін көрген жоқпын. Хабарласып бәленбай жерге кел, кездесеміз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!