«Астана» велоклубы жаңа құрамын таныстырды
09.01.2014
Италияның Брешиа қаласы маңында «Астана» велоклубының жаңа маусым алдындағы тұсаукесер рәсімі өтті. Отандық клуб көпшшілікке осы жылы Әлемдік турға қатысатын команда құрамын таныстырды.Сонымен қатар осы күні велоспорт әлемінде қазақстандық тағы қос команданың тұсауы кесілді. Оның бірі олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың құрметіне аталған континентальдық Vino4Ever, ал екіншісі Be Pink Astana әйелдер командасы.
Германияның Рупольдингінде биатлоннан әлем кубогы жолындағы жарыстың бесінші кезеңі басталды. Неміс жеріндегі кезеңнің шымылдығын әйелдер арасындағы эстафета додасы ашып берді.
Әр командадан төрт биатлоншы қатысқан алты шақырымдық эстафеталық сынақта Ресей құрамасы үздік шықты. Олардан мәреге алты секунд кешігіп жеткен Германия екінші орынды қанағат қылды. Командалық доданың үшінші сатысына Норвегия көтерілді. Ұзын-саны 21 елдің биатлоншылары күш байқасқан эстафетада біздің қыздар 15- нәтиже көрсетті. Дәл осы сағаттарда Рупольдингте ерлер эстафетасы жалғасуда. Бұл бәсекеде жерлестеріміз Ян Савицки, Александр Трифонов, Сергей Наумик және Антон Пантов төрттігінен үміттіміз.
Әне-міне дегенше Сочи олимпиадасының дүбірі жақындап қалды. Ендеше сіздерді алдағы ақ ойындарға қатысатын қазақстандық биатлоншылармен таныстырып өтейік. Әйелдер командасы сапынан Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері тәжірибелі шебер Елена Хрусталеваны атап кетуге болады.
Сондай-ақ Әлем кубогы жолындағы жарыстарда бой көрсетіп жүрген Дарья Усанова, Марина Лебедева, Алина Райкова және Галина Вишневская сынды шеберлерге сенім артылыпты. Бұлардың арасында Марина Лебедевадан басқасы төрт жылдықтың басты додасында тұңғыш рет бақ сынамақ. Ерлер құрамасы сапында да айтарлықтай өзгерістер жоқ. Бәрі таныс есімдер. Атап айтсақ Ян Савицкий, Диас Кенешов және Александр Трифонов үштігі 2010 жылы Ванкувер олимпиадасында өнер көрсеткен. Антон Пантов пен Сергей Наумик үшін Сочидегі ақ ойындар алғашқы сынақ болмақ. Ал жаттықтырушылар штабына Михайл Дудченко, Николай Выдренко, Виктор Смирнов еніпті.
Лионель Месси жасыл алаңға оралды. Өткен жылы жарақат алған “Барселона” шабуылшысы Испания кубогының 1/8 финалы аясында “Хетафеге” қарсы матчта қос гол авторы атанды.
“Камп-Ноу” стадионындағы бәсеке толығымен алаң иелерінің басымдығымен өтті. Алғашқы минуттан шабуылға көшкен Херардо Мартино шәкірттері не бары 8-ші минутта есеп ашты. Сол қапталдан Педро Родригес көтерген допқа бірінші жеткен Сеск Фабрегас мүлт кетпеді. Екінші таймның ортасында Фабрегас тағыда мергендік танытты. Бұл жолы ол пенальтиден есепті еселеген. Қалған уақытта алаңға шыққан Месси төрт минут ішінде дубль авторы атанды. Қортынды есеп 4:0 “Барселонаның” пайдасында.
Англияның лига кубогының жартылай финалы аясында “Вест Хэмді” қабылдаған “Манчестер Сити” ірі есеппен жеңіске жетті.
Бұл кеште шабуылда жолы болған Альваро Негредо хэт-трик жасады. Кездесудің 12-ші минутында алаң ортасынан жеткен допты бірден қақпаға бағыттаған испандық “Ситиды” алға шығарды. Көп ұзамай тағы да сол Негредо өзінің екінші голын соқты. Үзіліске дейін жылдам ұйымдастырылған қарымта шабуылда Яя Туре есепті 3:0 ге жеткізді. 47-ші минутта қақпа алдындағы қарбаласта өз мүмкіндігін құр жібермеген Негредо “Вест Хэм” қорғанысын тағыда қапы қалдырды. Осыдан кейін біржола салы суға кеткен қонақтар манчестерліктерге тосқауыл бола алмады. Эдин Джеко екі гол соғып таблодағы есепті 6:0 ге жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары