Жұрттың ұтысын бермей жүрген букмекерлік кеңсе cалық төлеуден де жалтарған
Автор: Аруна Ортай
09.01.2014
Жылдар бойы салықтан жалтарып келген. Еліміздегі ең алып букмекерлерлік кеңсе «Олимптің» ұзақ уақыт бойы табысын жасырып, мемлекетке салық төлемей келгені әшкереленді. Осындай жылмысқы әрекет кесірінен жүздеген млн теңге бюджетке түспеген. Қазір қаржы полициясы букмекерлік кеңсеге қатысты қылмыстық іс қозғап, жер-жердегі барлық кассаларын тексеріп жатыр.
Кеңсеге сау ете қалған бұл жолы бәс тігушілер емес, қаржы полицейлері. Бухгалтерлік құжаттарды тығып үлгермеген есепшілер аяғынан тік тұр. Ал басшылығы қабақ шытқан. Мұндай аяқасты тексеруді күтпесе керек.
- Не болып қалды?
Белгілі болғандай, букмекерлік кеңсе осы уақытқа дейін табысының 90 пайызын жасырып, мемлекетке 300 миллион теңгеден астам салық төлемепті. Республика бойынша «Олимптің» 400-дей кассасы барын ескерсек, бұл сан әлі еселенуі мүмкін. Ол аздай, букмекерлер жұртқа ұтқан ақшасын да бермей зар жылатып жүр екен.
Жақсылық Жақыбаев, Алматы қаласы бойынша қаржы полициясының баспасөз хатшысы:
- «Олимп» букмекерлік кеңсесі ойыншыларына ұтыстарын толығымен төлемеу бойынша да тексеріс амалдары қылмыстық іс шеңберінде тексерілуде. Егерде бұл жайт анықталатын болса, «Олимп»-ке қатысты қосымша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
«Олимп»-тен ұтысын ала алмай жүргендердің саны жүзден аспаса кем емес. Солардың бірі, Сұңқар Нұрмағамбетовтың қорғауындағы ойыншы. Букмекерлік кеңсе оған жарты миллион теңге берешек. Соттың басталғанына жарты жылдан асыпты.
Сұңқар Нұрмағамбетов, адвокат:
-Біз кассациялық сотқа береміз. Егер болмаса онда Астанаға жоғары сотқа жүгінеміз.
Қылмыстық іс қозғалғанымен,букмекерлік кеңсе жұмысын тоқтатпаған. Әдетінше, бәстерді қабылдап жатыр. Алайда, жаппай алаяқтық жасағаны дәлелденген күні ойынын біржола тоқтатуы мүмкін. Қазір қаржы полицейлері «Олимп»-тің кеңселерін жаппай тексеруде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары