Қарағанды әкімі қызметтік көлігінен түсіп автобусқа отырды
Қарағанды қаласының әкімі қала ішін қоғамдық көлікпен аралады. Автобустардың бірінен соң біріне отырған қала басшысы жолақының көтерілуіне байланысты даудың түп- тамырына осылай үңілмек болған. Қасына ерткен жауаптыларына ескертулер жасап, кем-кетікті түзеуге тапсырмалар таратты. Тек шенеунік ел шулағандай, автобустардағы ығы-жығы халықты жексенбі күні кездестіре алмай таңданды.
Автор: Саят Сабдалы
13.01.2014
Қала әкімі ел аяғы тыншыған демалыс күні де жұмыста. Алтын уақытын қиып, халықтың көкейінде жүрген мәселені май шаммен қарау үшін, қала тұрғындарымен бірге автобус күтіп түр. Аялдамадағы елдің еті мен көзі үйренген күл-қоқысқа үрке қарап, автобусқа ақырын мінді. Кондуктордың жанына жақындап, әңгіменің арасында автобустың жартысына жайғасқан жандайшаптарына жол ақысын төлеуді ескертті.
-Билет алдыңдар ма ей!
-Иа алдық.
- Мен алмаппын, қазір.
Автобусқа мініп, ол аздай билеттің құнын төлеуге мәжбүр болған шенеуніктер барлығы да халықтың қамы үшін екенін сезеді. Тіпті бұлардың арқасында мына әжей де кондуктордың құрметіне бөленді. Ал әкімнің өзі қоғамдық көліктегі адамның аздығына таңданып, бірен-саран болмаса алып бара жатқан кемшілік жоқ екенін айтты.
Мейрам Смағұлов, Қарағанды қаласының әкімі:
-Негізі аялдамаларды түсіндіріп айтады екен, кондукторлар біледі екен бізде қандай льготный категория бар екенін. Бәрін түсіндіріп айтты. Мен өзім уақыт болған кезде таңертеңдері, кешкілік те халық көп болған кезде шығамын.
Уәдесінде тұрып, алда-жалда шыға қалса мына көріністің куәсі болар еді. Иін тірескен адамнан аузы мұрны толған автобусқа тіпті тыста қалып қойған кондукторы да кіре алмай безек қағып жүр.
-Қала әкімінінің жексенбідегі жүрісі жайлы оқып білгендер ғаламторды пікірталас алаңына айналдырған. Бірі бұл көпшіліктің көзін алдау десе, екіншілері «шенеуніктің барлығы қоғамдық көлікпен жүрсін» деп ышқынады. Сапалы қызмет болса сексен теңгені де аямас едік дегендер де жетерлік. Осы арада қапалы тұрғындардан құралған қоғамдық қозғалыс мәселеге президентің араласуын өтінген хатқа қол жинап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!