Ашынған қызметкерлер жылу орталығының жұмысын тоқтатпақ
Семейде жылумен қамтушы мекеменің жұмысшылары тағы наразылық білдірді. Бұл жолы техник, еден жуушы сияқты қарапайым жұмысшылар бастықтың біржола орнынан кетуін талап етуде. Жұрт әлі күнге дейін даулаған жалақыларын ала алмай жүр. Талаптары орындалмаса наразы топ жылу орталығы жұмысын мүлдем тоқтатып тастауға бекініп отыр.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
13.01.2014
Бұл Семейді жылумен қамтып отырған жұмысшылардың кезекті жиылысы. Айлап жалақы көрмеген қызметкерлер жауаптылардың үйіп-төккен уәделерінен жалығып, енді басшының біржола орнынан кетуін талап етуде.
Асқарбек Оңғарбаев, жұмысшы:
-Егер есі дұрыс басшыны тағайындамаса, жұмыс жүрмейді. Бізге зейнетақы аударылмайды. Жылына үш айдікі ғана төленеді. Қалғаны зым-зия жоқ.
Қазірде мекеменің жұмысшыларға қарызы 150 млн. теңгеге жуықтапты. Бұл тек қараша мен желтоқсан айларына тиесілі төлем. Оған қаңтардың да қосылатын түрі бар. Дағдарыстан титықтаған жұрт қарызға белшеден баттық деп отыр.
Ардақ Тілемесов, жұмысшы:
-Алимент төлейтін кісілер бар, мысалға. Алиментті де, кредитті де төлей алмай жүр. Өз басымда екі балам бар, екеуі де балабақшаға барады. Оған төлейтін ақша жоқ!
Әуелде бұл іске прокуратура араласқан еді. Құзырлы орган өкілдері еңбекақыны уақтылы төлемеген басшылық әкімшілік жауапқа тартылғанын жеткізді.
Олжас Қалматаев, Семей қалалық прокуратурасының бөлім бастығы:
-Біз қолға алған шаралар мұнымен тоқталмайды. Қаңтар айында жылуға берешек тұрғындардан жиналған ақшаның есебінен жалақы қайтарылатын болады.
Жұмысшылар сондай-ақ, басшылық жалақы емес, жақындарын лауазымды орындарға тағайындаумен бас қатырды деп айыптаған еді. Бұл дерек те қазір заң органдарының назарына іліккен.
-Жылу мекемесінде өткізілген арнайы жиналыста жаңа басшы сайланыпты. Бұған дейінгі бастық өз еркімен өтініш жазып, орнынан кеткен. Ал қарапайым жұмысшылар болса, ең бастысы бізге, жалақы төленсін. Әйтпесе, «қалаға жылу беруді тоқтатып тастауымызға тура келеді деп» шарасыздықтан шалт қимылға барғалы отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!