Көлікпен қағып өзін далаға лақтырып кеткен
Жүгенсіз жүргізуші шиеттей 5 бірдей баланы бір күнде жетім етті. Алматы облысында ауыл ішімен жүйіткіген жеңіл көлік атпалдай азаматты қағып өтіп, шалажансар күйде аурухананың есігінің алдына тастап кеткен. Жігіт ағасы содан 2 апта ес жимай бақилық болыпты. Ал апатқа кінәлі жүргізуші табылмақ түгілі, 2 айдан бері болған оқиғаға қатысты іс те қозғалмаған. Жесір қалған марқұмның жұбайы енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр.
Автор: Аруна Ортай
14.01.2014
- Мынау кім?
- Әкем ғой.
2-ге жаңа толған Ақжол күні кеше қолында отырып еркелеген әкесін енді суреттен ғана көріп өсетін болды. Гаухар оны Алматыға кетті деп алдаусыратып жүр. Қалған ұлдары да осыған сенген. Тек есі кіріп қалған қызы ғана көкесінің енді есіктен кіріп келмейтінін біледі. Өйткені, оқиға болған түні әкесін іздеп анасымен бірге ол да көше кезген.
Гаухар Әбдәкімова, марқұмның жұбайы:
-Бес баланы дүниеге әкеліп, тәп-тәтті өмір сүріп жаттық. Бір-ақ күнде, әрі жағы бір адым ғана жете алмай қалған ғой осы жерге, үйге. Міне, өттім, өтіп болдым деп ойладым, тарс етіп, қақты да кетті дейді.
-Оқиға, міне, осы жерде орын алған. Бір ұшы-Алматы, ал бір ұшы Қапшағайға созылған «Алматы-Жетіген» жолы. Сол күні кешқұрым әдеттегідей отағасы үйіне оралып, мына жолдан өтіп бара жатқан. Бұл жолдың бөлігі негізінен елді-мекен саналады. Оны қызарған жол белгілері де көрсетіп тұр.
Кездейсоқ куәгерлер болмағанда қаскөйлер 42 жастағы Аманжолды қансыратып жол бойында қалдырып кетеді екен. Көшеде адамдардың жүргенін байқаған жүргізуші амалсыз ауылдық амбулаторияға жеткізген көрінеді. Оның өзінде де, қақпа алдына қалдырып кеткен.
- Жедел жәрдемнің алдына лақтырып тастаған. Сұмдық қой бұл
Жарынан айырылған көпбалалы ана сол оқиға куәгерлерін іздестіруде. Ал қаққан сұр түсті Жигули екен. Апат орнында сынықтары табылған. Басқа ілік болар түгі жоқ. Жергілікті полицияның өзі қылмыскерді іздемек түгілі, 2 айдан бері «қылмыстық құрам таппай» оқиғаға қатысты іс те қозғамаған.
Көбейхан Нұрахмет, Алматы облыстық ІІД баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:
-Қазіргі кезде сол Іле ауданынан сол іс алынып, біздің өзіміздің Алматы облыстық ішкі істер департаменті бақылауына алынып отыр. Өзіміз сол істі жүргіземіз.
Көздері жәутеңдеген бүлдіршіндер әзірге алдаусыратқанға көніп жүр. Бірақ, бұл уақытша ғана. Ал 32 жасқа жетпей жесір атанған келіншек капоты бүлінген әрбір көлікті қараумен әлек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!