Диагноздан шатасып қыздың омырауын кесіп тастады
Жүрдім-бардым қойылған диагноз кесірінен жап-жас қыз кемтар болып қалды. Ақмола облыстық онкологиялық диспансерінің мамандары туберкулезді қатерлі ісікпен шатастырған. Мұнымен қоймай, алғашқы диагнозды нақтыламай-ақ пациенттің көкірегін кесіп тастапты. Әлі тұрмыс құрып үлгермеген қыз енді сол жауапсыз дәрігерлерді жазаға тартуды сұрап, құзырлы орындарды жағалап жүр. Алайда, ақ халаттылар тек сөгіспен шектелген.
Автор: А.Тұрғынбекқызы
14.01.2014
24 жастағы Айгүлдің өзі мейірбике. Осыдан жарты жыл бұрын көкірегінде түйіншек пайда болып, дәрігерлерге қаралыпты. Онкология диспансерінде қыздың кеудесін тексеріп, бірден рактың 3-ші сатысы деген диагноз қойған. Сол жерде бірден химиятерапия да жасалады.
Айгүл, жәбірленуші:
-Әр курс химиятерапиядан кейін 1-ші курс алдым, ол да нәтижесіз болды, ісік үлкейді. Одан әрі іріңдеп ірің шыға бастады. Химиятерапия берген Лейла Айдархановна деген дәрігерге де көрсеттім, ол кісі де назар аудармайды қолдары бос болмайды ешқашан олардың.
Айгүл сөйтіп химиятерапияның 4 курсын толық алған. Бірақ ісік сол күйі кетпей, ақыры асқынған көкірегін кестіруге тура келіпті. Тек кейін тексере келе қыздың омырауында ісік белгілері жоқ болып шыққан.
-Кімге сенерін білмеген қыз Алматыдағы онкология орталығына барған. Онда Айгүлді жан жақты тексеріп, дәрігерлер бірден консилиум құрып қарастырған. Сөйтсе, оның кеудесінде іріңді мастит әбден ушығып, туберкулезге айналғанын анықтаған.Бірақ, әрине, бәрі кеш.
Химиятерапиядан кейін қыздың шашы да түсіп қалған. Ойлау қабілетім де нашарлады деп Айгүл қазір егіліп отыр. Ал Көкшетаудың онкологтары кінәні бір-біріне сілтеп, бастарын алып қашуда.
Қарлығаш Қапарова, Ақмола облыстық онкология диспансерінің патологоанатомы :
-Иә, қателік кетті. Өйткені материал кішкентай болды.Анализ алатындарға ылғи айтам. Менен кейін дәрігерлер бар емес пе? Химиятерапияда іріңдеген соң дәрігерлер неге ойланбайды. Олар неге қарамаған?! Мен тек диагноз қойдым. Кеудесін кесіңдер дегем жоқ.
Лейла Айтжанова, Ақмола облыстық онкология диспансерінің дәрігері:
-Химиятерапия кезінде ешқандай проблема болған жоқ. Ісіп, іріңдеді ол рак емес пе? Маған пациент зертхана анализімен келді. Менің қандай кінәм бар?
Бұл жайтты тексерген медициалық бақылау басқармасы 3 дәрігерге сөгіс жариялаумен ғана шектелген екен. Дегенмен істің ақ-қарасын қазір құзырлы орындар да анықтап жатыр. Сараптама Астанадағы зертханаға жіберіліп, полиция осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!