Дакар раллидің қауіпті кезеңдерінің бірі аяқталуға жақын
Ең ұзақ әрі қауіпті Дакар раллиінің аяқталуына да үш күн қалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әккі шабандоздардың мақсаты бір – мәре сызығын бірінші кесу. Чили шөлінде жарыс көрігін қыздырғандар қатарында отандық «Astana Motorsports» командасының үш бірдей экипажы бар.
Автор: Елгүл Нұғман
16.01.2014
Бүгінгі жарыс күні «Татра» тақымдаған Артур Ардавичустың экипажына оңай тиген жоқ. Алғашында арнайы алаңнан ойдағыдай өтіп, мәре сызығын тоғызыншы болып кескен. Екінші айналымда жылдамдықты арттыруға тура келді. Нәтижесінде ой-шұңқыры көп жолда көліктің әйнегі сынып, біраз аялдауға мәжбүр болған. Бірақ спортшыларымыздың жігері мұқалмақ емес. Айдын Рақымбаев, Денис Березовский, Игнат Фольковтар бүгін аянбай тер төгіп, жалпы есептегі орындарын жақсартты. Спортшыларымыздың үштікке кіруге мүмкіндігі зор. Ертең оларды шөл далада 600 шақырым жол күтіп тұр.
Айдын Рақымбаев, «Astana Motorsports» командасының пилоты:
–Біз бүгін жақсы нәтижеге жетіп қана қоймай, ертеңгі межені айқындап қойдық. Бүгін 16-шы болып мәреге жеттік. Екінші рет арнайы алаңда жеңілгенімізбен, жалпы есеп бойынша 11 орында тұрмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!