Білім саласын тағы ауқымды реформа күтіп тұр
Бүгін Мәжіліске бірінші рет келген Білім министрінің жаңа орынбасары депутаттарға білім жүйесіндегі бірқатар өзгерістерді жария етті. Ол үшін тағы қосымша қаражат керек екен. Тек басы даудан арылмаған ведомствоның бұл жолғы бастамасы да халық қалаулыларының қатаң сынына ұшырады.
Автор: Гүлнұр Имандос
16.01.2014
Білім саласын тағы реформалаймыз деп Мәжіліске келген Үкімет мүшелері бүгін тағы сынға ұшырады. Соңғы кезде басынан дау арылмаған ведомствоға келгенде, депутаттарды тоқтату мүмкін емес. Ал жақында ғана Білім министрінің орынбасары болып тағайындалған Такир Балықбаев әңгіменің ауанын жоғарғы оқу орындарындағы ұстаздардың жалақысынан бастады.
Такир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Біздің оқытушылардың жалақысы өте төмен. Бүгін орташа 80 мың теңге. Бұл Ұлыбританияға қарағанда 10 есе аз.
Елімізде 15 жылдан бері білім беруді қаржыландырудың жаңа үлгісі жасалмаған. Сондықтан шенеуніктер биыл өзгеше жаңалық енгіземіз деп отыр. Мысалы, оқуға түсу кезінде екі талапкердің ұпайы бірдей болса, онда басымдылық әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаға ,жасалады.Сондай-ақ шенеуніктер ректорларды да дайындауды көздеген. Алайда, бұл ұсыныс қолдау таппады.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
–Ректорларды дайындайық дейсіз. Онда ел президенттерін дайындайық. Арнайы министрлерді, зауыттың директорлығына оқытайық. Мемлекет қаржысына ректорларды дайындаймыз ба сонда? Адам ректор болу үшін түрлі қызметтік жолдан өту керек.
Өткен жылы жоғарғы білім саласына 106 млрд теңге бөлінген. Алайда, реформадан көз ашпаған оқу орындарында бұл қаржы тиімді жұмсалмаған. Өзі де ұзақ жыл білім саласын басқарған депутат Әсима Бимендина бұрынғы әріптестеріне қаржы сұрамас бұрын, студенттердің жұмысқа тұрып кетуі мен сапалы білім алуына көңіл бөлсе деп кеңес берді. Ал депутат Камал Бұрхановты алаңдатып жүрген саны көп, сапасы жоқ профессорлар екен.
Камал Бұрханов, Мәжіліс депутаты:
–Бізде қазір әрбір малшы ғылым кандидаты, әр сатушы ғылым докторы. Ол тіпті өзінің аты-жөнін дұрыстап жаза алмайды. Сөйте тұра профессор. Заң жобасындағы докторлық бағдарламаны ақылы оқыту деген тармақтың көзін жоймасақ, ол жерде тағы сол әкімдер, малшылар оқиды.
Бүгінде елімізде 131 жоғарғы оқу орны бар. Соңғы 3 жылда 18 білім ошағы жыбылыпты. Енді шенеуніктер қайта тіркеуден өте алмағандарын түбегейлі жапқанша, студенттер үшін жатақханаға айналдыру жағын да қарастырмақ.
-Дегенмен, Білім министрлігі биыл елімізде кезекті реформасын бастағалы отыр. Бастысы - гранттың бағасын көтермейміз деді. Ал, студенттің жұмысқа орналасуына оқу орны жауапты болады. Әзірге вице-министр депутаттарды осындай жаңалықтарымен сендіріп кетті
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!