Шымкентте жасөспірімді атып өлтірген жігіт ұсталды
Шымкенте 16 жасар жасөспірімді тапа тал түсте атып өлтірген жігіт ұсталды. Атысқа жастардың ғаламторда өзара ерегесіп қалуы себеп болыпты. Ұсталған бозбала қазір тергеушілерге оқиғаның бүге-шігесіне дейін айтып жатыр.
Автор: Бек Әби
16.01.2014
- Сол күні достарым чат арқылы біреумен ерегесіп қалыпты. Сол достарыммен «разборканы» шешуге бардық бір машина болып. Сөйтіп, машинаның терезесі ашылды. Мен негізінде, атам деп ойлаған жоқпын. Негізінде ауаға атамын деп ойлағам, жаңағы стволды алдым, бірінші рет аттым, екінші рет аттым, тиеді деп ойлаған жоқпын жалпы. Сөйтіп терезені жаптық та, қашып кеттік.
Сол қашқаннан мол қашқан жігіт Тараз қаласынан бір-ақ шығыпты. Кейін туыстарының үйінде тығылып жатқан жерінде қолға түскен. Еш жерде оқып, жұмыс істемеген 16-дағы бозбала қылмыстық фильмдердегі кейіпкерлерге қатты еліктеген. Әлеуметтік желісінен алынған жеке парақшасы да жігіттің зорлыққа бір табан жақын екенін аңғартады. Айта кетсек, 13-қаңтар күні Шымкенттің қақ ортасында тапа тал түсте атыс болып, бірнеше жерінен оқ тиген 16 жастағы бозбала мерт болған еді. Марқұмның қаңғырған оқтан кездейсоқ қаза тапқаны тергеу кезінде анықталды. Қазір қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұзын-саны 5 адам ұсталған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!