Атақты суретшінің үйі мұражайға айналды
Мұражай баспана! Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтың тұрған үйі музейге айналды. Онда Қастеевтің танымал туындылары, өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған.
Автор: Елгүл Нұғман
17.01.2014
Бұл үйде Әбілхан Қастеев 1958 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін тұрған. Енді Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының бөлімшесі болмақ. Мұнда суретшінің тырнақалды туындысынан бастап, өзі пайдаланған бұйымдарына дейін сол күйі сақталған.
-Әбілхан Қастеев 20 жасында Түрксібке қара жұмысқа орналасты. Оның қылқаламынан шыққан мына туындысы суретшіні бейнелеу өнеріне жетеледі. Қазақстанның көрікті жерлері мен қоғамда болып жатқан өзгерістерді бейнелеген Қастеев 25 жасында алғаш рет көркемсуретшілердің көрмесіне қатысты.
Көпшілікке кеңінен танымал «Амангелді», «Шоқан» мен «Ана» портреті мұражайдың төрінен орын алған. Мұнда суретшінің өзі киген шапаны мен бөркі, фотоаппараты, ұстарасы мен шағын үтігі де бар. Ескі сандық, радиоқабылдағыш пен теледидар көненің көзіндей. Сондай-ақ бүгін суретшінің 41 жыл шертілмеген домбырасының шанағынан күй төгілді.
-Күйден үзінді
Елімізде кәсіби бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Қастеевтің шығармаларынан ауыл өмірі мен дархан даланың лебі еседі. Еңбектерінде ұлттық нақыш басым. Көз көргендер қылқалам шеберін қаншалықты дарынды болса, соншалықты қарапайым еді деп еске алады.
Оразақын Асқар, ақын:
–Үйдің есігінің алдында қора сыпырып жүрген жұмысшының суреті тұр. Мен «мынау кім?» деп сұрасам, «ол –мен» дейді. «Аяз би сияқты қора сыпырып жүрген кезімді ұмытпайын деп есігімнің алдына іліп қойдым» дейді. Тәрбие содан басталады. Мен сол кісінің айтқан сөзін бүкіл өміріме ақыл-кеңес еттім.
Суретші шеберханасындағы ең құнды дүние ұлы Нұртайдың портреті. Әке жолын қуған жеткіншектің бірнеше картинасын сарапшылар Әбілханның еңбегі деп есептеп, туындылар кітабына енгізген. Тек болашағынан үміт күткен ұл 16 жасында қыршын кетті. Ал мұражай-үйді ашуға мұрындық болған қызы Гүлдәрия екен.
Гүлдәрия Қастеева, Әбілхан Қастеевтің қызы:
–Әкем 1963 жылы Хрущев бидайдың арасында жүрген үлкен суретті жасаған. Соны бітірем дегенде Гүлнәзия деген сіңілім майлы бояуды алып суреттің үстінен бояп тастапты. Әкеміз ол кезде жиналысқа кетіп қалған. Сонда Нұртас деген ағамыз қылқаламды алып жөндеп қойды.
Суретшінің ұлдары Нұртас пен Нұрхатқа, қызы Гүлнәзияға бейнелеу өнері мирас болып қалған. Балалары мен өнерді жанындай сүйген Қастеевтің немерелерінің арасында да көркем сурет шеберлері мен дизайнерлер бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!