Көлігін сырып кеткені үшін әйелді ұрып өлтірді
Алматы облысында көлігін сырып кеткені үшін соқталдай үш жігіт егде жастағы әйелді ұрып өлтірді. 45 жастағы Шарваням Идиллаева ауруханаға да жетіп үлгермеген. Қол көтерген үш тентек те көпке ұзамай ұсталған. Бірер күнде іс сотқа жетпек. Бірақ сол үшеудің біреуі ғана жауапқа тартылуда. Онда да әйелді ұрып өлтірген күдіктінің өзі емес, қасындағы жолдасы. Марқұмның артында үш баласы жетім қалды.
Автор: Құралай Пионер
20.01.2014
- Мен жерге құлап түскен кезде мамамды ұстап алдым. Сол кезде папам есін жиып, көршілер шықты. Мамам осы жерде жанын жоғалтты.
21 жастағы Куяш осылайша қазанның 17-де анасының өліміне өзі куә болған. Жігіттің айтуынша, сол күні қасында шешесі мен әкесі бар Жахановтар отбасы тойдан қайтып келе жатыпты. Бірақ ауылы - Алғабасқа кірген жерде көшедегі «БМВ» көлігін абайсызда сырып өткен. Төбелес осыдан кейін басталған.
Леким Жаханов, марқұмның күйеуі:
-Енді түн ғой. Сағат 9 жарым. Жарық жоқ. Қай жері сырылды екен деп әйелім үшеуіміз қарап жаттық. Ары қарадық, бері қарадық, сызылған еш жері жоқ. Сөйтіп, артыма қарасам ана Дәурен мен Сәбден баламды машинадан шығарып алып, соғып жатқан екен. Ажыратайын деп едім мені бір ұрды.
Куяш Жаханов, марқұмның ұлы:
- Аржақтан мамам жүгіріп келді. Дәурен мамамды ұстап қалды да, Сәбден артынан кастетпен ұрып жіберді.
Суық қару 45 жастағы Шарваням Идиллаеваның тура қарақұсына тиіпті. Ауыр соққыдан келіншек сол жерде жан тапсырған. Кейін белгілі болғандай күдіктінің бірі көше басындағы көрші үйдің баласы екен. Қазір қамауда біреуі ғана отыр екен. Қалғаны үйлеріне жіберілген.
Куяш Жаханов, марқұмның ұлы:
-Үшеуінің аналары келіп, 10 күндей болды. Ақша ұсынады. Бірінші 5 мың доллармен бастады. Біз айтып жатырмыз: «Ақша керек емес, әділдік керек» деп. Күнде ақшаны өсіреді. Соңғы рет келгенде «50 мың доллар» деді.
Бостандықта жүрген жігіттерді іздеп, үйлеріне бардық. Бірақ есігін ашып, сыртқа ешкім шықпады. Тәртіп сақшылары да қандай да бір ақпарат беруге құлықсыз. Ал қара жамылған отбасы: «Кінәлілер ақыры жазадан сытылып кете ме?» деп қорқады. Өйткені «қасақана адам өлтіру» дерегі прокурорлардың алдына жеткенше «абайсызда болды» дегенге өзгертіліпті.
- Жазасын қатаң алса деймін. Үш баланы шешесінен айырып отыр!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!