Аштық жариялаған әйелді көндіре алмаған полиция имамның көмегіне жүгінді
Қарағандыдағы жерінен айырылған кәсіпкер орталық мешіттің алданда бүгін наразылық шарасын өткізді. Айтуынша, «өтеміне қарық боласыңдар» деп кәсіпкердің жерін мешіт құрылысына жіберген қала билігі ақыр аяғында оған бақыр тиын да ұстатпаған. Сотта да жеңіліс тауып, жергілікті биліктен де түңілген ол енді өзінің заңды жерінде ағайын туыстарымен бірге аштық жариялауға бел буып отыр. Наразы топты әкімдік өкілдері полициямен қорқытудан түк шықпағасын, арағайындыққа имамды салып жүріп, келіссөзге көндірді.
Автор: Саят Сабдалы
21.01.2014
20 градустық аяз бен өңменнен өтер суық жел бұларға бүгін кедергі болмай тұр. Сайлап әкелген қағаздарына көкіректегі жанайқайды қара маркермен жазып жатыр. Бәрінің де мағынасы бір: «уәдесінде тұрмаған билік, тәубесіне түссін»!
-Заңды жеріміздің өтемін қайтарыңыздар! Заңды жеріміздің өтемін қайтарыңыздар!
2011 жылы Бәтима Ақшолақованың осы жердегі дәмханасын бұзып, «қарымтасына қарық қыламыз» деген әкімдік оған көк тиын татырмай қойған. Соттасып та көргенімен түк шықпапты. Кезінде бизнеске деп несие берген банк те кәсіпкердің дүние-мүлкі мен мешіт маңындағы жерді тұтқындап, мойынға 15 миллион теңге қарызды іліп тастаған. Жеп отырған нанынан қағылып, соттың сергелдеңін, әкімдіктің мазағын, қала берді банктің тізесі батқандар енді бел кеткенше беріспеуге бекініп отыр.
Гүлмира Ақшолақова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Жер берсін, ақша берсін. Құр жердің өзіне де біз бірдеңе сала алмаймыз. Бұл жерде біздің үлкен мейрамханамыз болды. Жер берсін, ақша берсін. Біз басқа жерден осындай дәмхана салып, жұмыс істеуге мүмкіндік берсін.
Мешіт маңына жеткен шенділер келген бетте «митинг өткізуге рұқсаттарың жоқ» деп шүйлікті. Ере келген полицейлер де жоғарыдан белгі күтіп, білек сыбанып жүр. Бірақ, наразы топ дегенінен қайтқан жоқ.
- Бұл жерден ешқайда кетпейміз.
- Түснікті, плакаттарыңды алсаңдаршы енді.
- Алмаймыз, осы жерде өлуге бекіндік.Бұған тек әкімдік кінәлі болады.
Ашынғандардың адуынын аңдаған шенділер дауыстарын бәсеңдетіп, кейін жиналғандарды жылы жерде жүздесуге шақырды. Іргесіндегі дауды жаңа естігендей болған имам да аяқ асты бой көрсетіп, жұртқа басу айтты.
Өмірзақ Бекқожа, Қарағанды орталық мешітінің бас имамы:
-Шешілмейтін нәрсе болмайды. Шешіледі иншалла. Тек қана біз мынадай шараға баруға тиісті емеспіз. Бұл мәселені біз бейбіт жолмен шешеміз, қарындасымызбен. Иншалла.
-Жиналғандар дін өкілінің сөзіне тоқтап, көңілдері алаң болса да шенділерге ілесіп кеңсеге қарай жол тартты. Кейін айтуларынша, меселіңді қайтармай, мәселеңді 1 аптада шешеміз деген көрінеді. Бірақ сергелдеңді көп көріп, сенімдеріне селкеу түскендер бұл шарт орындалмаса, осы жерге қайта келіп, шатыр құрып, жамбастап жатамыз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!