Ашынған тұрғындар Жамбыл облысының жаңа әкіміне өкпесін айтты
Қалада тұрса да, өркениет атаулыдан адыра қалған! Таразға іргелес жатқан Шөлдала ауылының жұрты бүгін осылай деп шу шығарды. Еді-мекенде ауыз су мен көгілдір отын атымен жоқ. Жолдың сапасы нашар, тіпті жарыққа да жарымай отыр. Ашынған бұқара, биліктің бейқамдығына наразы. Қордаланған мәселелерді олар шенеуніктерге айта-айта шаршаған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
23.01.2014
Бүгін биліктен көгілдір отын сұрап, Шөлдала ауылының тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Бұқараның айтуынша, өткен жылы елді-мекенге газ тартылуы тиіс болған. Бірақ, шенділер бұл жолы да алдап соғыпты.
Гүлбахира Алтынбекова, Шөлдала ауылының тұрғыны:
-Жаңадан болған әкім, Кәрім Көкірекбаев сол ініме айтатыным, «әкім бол, халқыңа жақын» бол дейді. Сарысуға жақында газ беріп жатыр. Бізге қаланың түбінде тұрамыз түк жоқ қой,
Мың жарымнан асатын ауыл жұрты ауыз судың да азабын көруде. Сөздеріне сенсек, қырық жылдан бері таза судан татып көрмеген. Он үйге бір құдықтан қазылыпты. Бірақ, жер асты суы қыста тартылып қалатын көрінеді.
Гүлбахира Алтынбекова, Шөлдала ауылының тұрғыны:
-Елеусіз халық болдық, не газ, не су жоқ, судың бәрі жерден қазасың құрт шығып жатыр. Ауруханаға барып келіп жатыр.
Шөлдала ауылы екі жыл бұрын қаланың құрамына кірген. Осынша уақыт өтсе де, шенділер инфроқұрылымға мән бермеген. Жұрт бүгін шұрық-тесік жолдың да жырын айтты. Тіпті, қоғамдық көлік те қатынамайды екен. Ал бұл мәселені бес саусағындай білетін жергілікті билік бейқам отыр.
Жиенғали Жолмағанбетов, Шөлдала ауылының тұрғыны:
-Жаңадан болған әкімге бардым. Бірақ, мұның алдында да екі-үш рет арызды бергенмін. Бірақ жауапсыз қалды. Арызда жиырмадай сұрақтар жазылған.
Ал ертең деген ертегіге жиі сендіретін шенділер, бұл жолы да уәдені үйіп-төкті.
Асхат Есенғалиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
-Кезең-кезеңімен Шөлдалаға сметалық құжаттар дайындалып, су мәселесі де, газ мәселесі де өз кезеңімен шешіледі. Шақырымына қарай болатын болса, жобамен 100-200 млн. көлемінде болады. Енді сұраныс бойынша су, сосын газ беріледі.
-Шөлдала ауылында қордаланған мәселелер мұнымен бітпейді. Жұрт жарыққа да «жарымай отырмыз» деп жыларман болды. Ұрлық саны да күрт көбейген. Бір жыл ішінде жүзден аса мал жоғалып кетіпті. Қараша қарақшылар табылмады деп, тәртіп сақшыларына да қапалы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!