Аяқасты жабылып, сатылып кеткен оқу ордасының студенттері далада қалды
Алматыда табан астында бүтін бір оқу ордасы жабылды. Банк ісі академиясының директоры ұстаздар тұрмақ, орынбасарларына да ескертпестен оқу орнын белгісіз біреулерге сатып жіберіпті. Бұл туралы колледж ұжымы таңертең сабаққа келгенде бірақ естіген. Бір күнде далада қалған 300-дей студент пен оқытушылар қауымы болған жайтқа әлі де сене алар емес. Ал аласапыранды оңтайлы пайдаланған басшы ештеңені де түсіндірместен колледжден біржолата тайып тұрыпты.
Автор: Аруна Ортай
24.01.2014
Бұл қаптаған мұғалім негізі бүгін дәріс оқуға дайындалып келген. Бірақ бәрінің де сабақтарының астан кестеңі шықты. Олар бала оқытып келген колледж бұдан былай жоқ. Ым-шымсыз лицензиясы алынып, үн-түнсіз сатылып жіберіліпті.
- Сұмдық, коллежді сатып жіберген.
Төбесінен жай түскен ұжым түкке түсінбей түгел есеңгіреп қалған. Тек директор міз бақпай тұр. Абыроймен қоштасуға келген беті осы екен. Ештеңені байыбына жеткізіп түсіндірмеген Ләзиза Айтбаева, көп ұзамай, қара джипіне мініп, қаша жөнелді.
-Кілтін тартып алыңдар, тез!
Аңтарылған ел-жұрт енді қайда барарын білмей дал. Студенттер оқу ақысын өткізіп те қойыпты. Мұнда бір ғана бала жылына 250 мың теңге төлейді екен. Тапқан-таянғанын колледжге деп жұмсаған ата-ана дипломсыз бұл арадан кетпейміз деп бекініп отыр.
Рыскүл Құлатаева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Бұл қалай жабылады? Біз адам емеспіз бе? Біздің сыртымыздан шешім шығаратын ол қандай адам? Қандай кісі? Бір күнде жабылады деген енді, тіпті, адам ақылына сыймайтын нәрсе.
Мұхамедкәрім Әбубәкір, 3 курс студенті:
- Топ еткізіп, , «ертең кетесіңдер, құжаттарыңды алыңдар» деп айтты. Біз кетпейміз, соттасамыз, соңына дейін барамыз.
-Студенттер таңертеңнен бері колледждің ішінде құр-бекер сандалып жүр. Мұғалімдер сабақты не бастарын, не бастамасын білмей дал. Аудиториялардың тең жартысы кілттеулі. Бір сөзбен айтқанда, оқу ғимараты қараусыз қалған.
Оқуға жаңадан түскен студенттер де абдыраған. Көбісінің ата-анасы болған жайттан әлі хабарсыз екен. Ал ойда-жоқта нәпәқасынан ажыраған ұстаздар қауымы болса, көз жасына ерік берген. Оқытушылар соңғы жалақыларын да алып үлгермепті. Тіпті, білім басқармасындағылар да бұларға араша түсе алмай отыр.
Ләззәт Жылқыбаева, Алматы қаласы білім басқармасының бөлім жетекшісі:
-Банк ісі академиясының колледжі бұл жекеменшік болып табылады. Қаржылық іс-әрекетіне біз араласа алмаймыз. Ол колледждің жабылған туралы біз бүгін тек таңертең ата-аналардың түскен қоңыраулары арқылы естідік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!