Жұмысшылар наразылыққа шықты
Семей көшелерін қоқыс басып жатыр. Өйткені қаланың тұрмыстық қалдықтарын жинайтын мекеме қызметкерлері наразылық ретінде екі күннен бері жұмысқа шықпаған. Жұмысшылар қызмет ақысын көтеруді талап етуде. Айтуларынша, төлемді есептеу 17 жыл бойы өзгермеген. Шығынға шаш етектен баттық деген олар енді талап орындалмаса, жұмысқа шығудан мүлдем бас тартпақ.
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
27.01.2014
Семейдегі әр ауланың жағдайы қазір осындай. Ернеуінен асқан қоқыс, қаптаған ит-мысық. Өйткені тұрмыстық қалдықтарды жинайтын жан жоқ. Коммуналдық мекеме қызметкерлері болса наразылық ретінде екі күннен бері жұмысқа шығудан бас тартқан.
Виталий Иванчин, Жеке кәсіпкер:
-Біз қалай жұмыс істерімізді білмейміз! Ескі құжаттар бойынша жинасақ, қаланы қоқыс жайлайды. Жаңа талаппен істесек, заңды бұзамыз! Билік бірнәрсе қылуы керек.»
Осы кәсіппенталайдан бері айналысып жүргендердің айтуынша, шығарылатын қоқыс көлемі 17 жыл бұрын бекітіліп, әлі өзгермепті. Алдыңғы жылдары жаңа талап жасалған екен. Оған 2 млн теңге жұмсалыпты. Алайда, әкімдік оны қабылдамай жатқан көрінеді.
Александр Петлин, Жеке кәсіпкер:
-«Біздің мәселеміз ешкімді алаңдатпайды. Әкімдікке қанша шағымдандық, нәтиже жоқ. Қаланың тазалығы олар үшін ойыншық болғаны ма?»
Қоқысты тым арзанға шығарып жүрміз деген жұмысшылар жаңа талапты қолданса, жалақы да өседі деген сенімде. Тиын-тебен тауып жүрген олар жағдай өзгермесе көшені тазалауға енді шықпаймыз деп отыр.
«Жұмысшылардың қарсылығынан қарапайым тұрғындардың жапа шегетін түрі бар. Бұл жердегі қоқыс алаңы небары екі күнде толып кеткен. Айналасын қаңғыбас иттер жайлап, адамдарға қауіп төндіріп жатқан көрінеді.»
Қоқысы асып төгіліп жатқан контейнерлерді қаланың әр бұрышынан кездестіруге болады. Қазір одан қолқаны жаратын сасық иіс шыға бастаған. Мәселен мына Юность ықшамауданындағы қоқыс алаңдарының бірі дәл мектепке апарар жолда орналасқан. Тұрғындар осы жерден өтетін балаларға обал болды деп отыр.
Сәуле Сүлейменова, Семей қаласының тұрғыны:
«Қаңғыбас иттер де көп, бомждар да көп. Бүгін күн аяз болғаннан кейін көрінбей жатыр. Әйтпесе, төбелес, айғай шу мұнда.»
Бұл жайтқа түсінік беруі тиіс әкімдіктегілер бастарын ала қашты. Іске енді прокуратура араласқан.
Қаныш Матаев, Семей қаласы прокурорының аға көмекшісі:
-«Әкімдік қызметкерлері бұл мәселені шешуде жайбасарлық танытты. Қазір біз оларға ескерту-хат жолдадық. Онда жаңа талаптың енгізілу мерзімін жеделдету керектігін айттық»
Жаңа талап енгізілсе, тұрғындардың қоқыс шығаруға кетер шығыны біршама өспек. Бұған барлығының келісе қоюы екіталай. Ал қаланы тазартумен айналысатын кәсіпкерлер айына төленетін 200 теңгені азсынып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары