Ақмола облысында ұйқы басып есінен танып құлағандардың саны артуда
Ақмола облысында белгісіз дертті жұқтырғандар саны еселеп артты. Қазірдің өзінде Калачи ауылының отыздан аса тұрғыны дәрігерлер көмегіне жүгінген. Қазір індет тараған елді-мекенде санитар-дәрігерлерден бастап ғалымдарға дейін жұмыс істеп жатыр. Деген әзірге ауру себептерін анықтай алар емес.
Автор: А.Тұрғынбекқызы
27.01.2014
Қазірге дейін 33 адам осы дерттен зардап шеккен. Мамандар оның қандай кесел екенін анықтай алмай әлі әлекке түсіп жатыр. Аяқ қолы жансызданып, ұйқы басып құлағандардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Қайта шұғыл дәрігерлік көмектен кейін көпшілігінің беті бері қараған.
Гүлбану Бекимова, Калачи ауылының тұрғыны:
-Малды суға айдап қарап тұрғам, екі аяғым жансызданғандай, көзім қарауытып кетті. Қан қысымым көтерілген болар деп ойладым. Одан кейінгісі есімде жоқ. Содан 4 күн бойы ештеңе білмей жатыппын. Сандырақтаппын, бірақ оны өзім білмеймін.
Дәл осындай оқыс жағдай былтыр да болып, мамандар оның себебін таба алмай сергелдеңге түскен еді.Бұл жолы да ауруханаға түскен бес адамның дәрігерлер дертін анықтай алмаған.
Зинаида Корн, Калачи ауылының тұрғыны:
-Өзімді жайсыз сезініп, басым айналып кеткені есімде. Содан кейін білмеймін. Бірақ, ұйқылы ояу жүріппін. Дәрігерлер шошып кеткен.
Тұрғындар кеселдің шығуына ашық қалған бұрыңғы уран шахталары себеп болуы мүмкін деп отыр. Бірақ мамандар одан күдіктенетіндей ілік таптаған. Өйткені, судан, ауа мен топырақтан сынама алыпты. Бәрі таза болып шыққан. Енді санитар дәрігерлер сырқаттанғандардың өздерін тәптіштеп тексере бастады.
Қайрат Баймұхамбетов, Ақмола облысы бойынша санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы:
-28 проба адамның шашынан, тырнағынан алдық, сілекейін алдық соны біз орталық лабораторияға Алматыға жібердік. Одан басқа құрылыс материалдарынан алдық, погребтардан топырақ алдық енді тереңдетіп тексеріп жатырмыз.
Қазір Көкшетауға Қарағандыдан ғалымдар келіп жетті. Олар Калачи ауылына барып, тұрғындар мен елді-мекеннің санитарлық ахуалын жан жақты зерттемек. Ал сырқаттардың бірнешеуі қазір облыс орталығына жеткізіліп томографиялық тексерістен өтіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!